Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы өңірге қажетті дәрілер сатып алынды. Дәрі-дәрмектерді алуға бюджеттен 300 млн теңге бөлінді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қажетті дәрі-дәрмектерді өңірдегі өзге де дәріханаларға тарату үшін ірі «Фаиз» және «АДА-фарм» компаниясымен келісім шарт жасақталды. Қазіргі таңда үшінші компаниямен келісімдер жүргізіліп жатыр.
«Дәрі-дәрмек қорын тұрақтандыру үшін екі компанияға 200 млн теңге берілді. Әзірге соның 60 млн теңгеге қажетті 38 бағыттағы топтық дәрі сатып алынды. Жергілікті ірі «Фаиз» және «Ада-фарм» компаниясы аймақтағы 400-ден аса дәріханаға таратады», - дейді «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының директоры Абзал Меңдібаев.
Бұл дәрілер коронавирустың және күз, қыс мезгілдерінде асқынатын аурулардың алдын алу үшін алынды. Дәрілердің бағасы шектік бағадан аспайды.
«Бұл дәрі-дәрмектердің «СК Фармация» жеткізетін дәрі-дәрмектерге еш қатысы жоқ. «СК Фармация» емханалар мен ауруханаларды дәрімен қамтамасыз етеді. Ал облыс әкімінің тапсырмасымен алынып жатқан дәрілер тек аймақтағы дәріханаларға ғана жеткізіледі», - дейді Абзал Меңдібаев.
Айта кетейік, алдағы уақытты эпидемиологиялық жағдайға және сұранысқа қарай дәрі-дәрмек алу жұмыстары жалғасады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН