Ақтауда Үкіметтен жеңілдікпен берілетін баспананы 12 жылдан бері кезекте тұрып ала алмай жүрген бір топ тұл жетім қайда барарын білмей сандалып жүр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мемлекет тарапынан ұсынылған ипотекалардан да пәтерге қол жеткізу қиынның қиыны дейді олар. Жергілікті билік оларды 2017 жылы уақытша бейімдеу орталығына орналастырып, 2020 жылы пәтер беріледі деп сендірген. Алайда, жақында табыс көлеміне байланысты үй беруден бас тартылғаны туралы әкімдіктен хабар келіпті. Тіпті кейбірі үй кезегіне де тұра алмай жүр. Олар жалпы тұрғын үйдің 20%-ы ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға берілуі тиіс деген заң неге орындалмайтынын түсінбейді.
Балалар үйінен шыққалы үй кезегіне тіркеле алмай жүрмін. Өзімде ешқандай мүлік, не мұраға қалған ақша жоқ. Қайта-қайта барып шаршадым. Неге кезекке тіркемейтіндерін түсіне алмадым, - дейді Райымбек Бектұров.
4 баланың анасымын. 2008 жылы балалар үйінен шықтым. Әкімдік тамызда үйге құжат тапсырыңыздар деді. Алайда, ипотекалық бағдарлама бойынша үй берілмейді деді. Сонда қалай? 32 мың теңгеден аспайтын табысы болуы керек деген қайдан шыққан заң? Ондай қаржымен отбасымызды бағамыз ба, үй аламыз ба? Бізге бұрынғы талаппен баспана берілуін талап етемін, - дейді Динара Айжігітова.
Ал әкімдіктегілер жетім балалар баспана кезегі келіп жеткенше тізімнен алынбайтынын айтып отыр. Айтуларынша, ережеге сәйкес, отбасында әр адамға шаққандағы табыс көлемі 32 мың 600 теңгеден «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы берілетін баспананы ала алмайды. Ал қазір пәтерлер бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған, осал топтағы отбасы санатындағыларға бөлініп жатыр екен.
Жетім балалардың құжат тапсырғандардың ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша талаптары кез келген кезекте тұрған азамат халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын топтарға пәтер бөлінбейді. Тек қана аз қамтылған отбасыларға бөлінеді. Сол талаптардың негізінде құжаттары қаралу барысында жетім баланың 20-сының құжаты қабылданып, ал 8-іне бас тартылды, - дейді Тұрғын үй қоры және жекешелендіру секторының меңгерушісі Жадыра Әуезова.
Айта кетейік, Ақтау қаласы бойынша жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 600 бала пәтер кезегінде тұр. «Нұрлы жер» бағдарламасынан пәтер бұйырмаған бір топ жетімге енді «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы үйлі болуға өтініш беруге мүмкіндік бар. Алайда олар осылай әр бағдарламадан үміттеніп жүргенде уақыттың да өтіп жатқанына қынжылады.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ