Биыл аймақта 8 айдың қорытындысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, өңірде аса қауіпті және карантинді инфекциялар, яғни оба, тырысқақ, құтырма, сібір жарасы және полиомиелит, сіреспе, іш сүзегі, паратиф, эпидемиялық паротит, қызамық, құрөзек аурулары тіркелмеді. Сонымен қатар топтасқан тағамнан уланулар жоқ.
«2019 жылдың 8 айымен салыстырғанда инфекциялық аурулар көрсеткішінің төмендегені байқалды. Атап айтқанда қызылша 2,8 есеге, ЖРВИ 17,29 %-ға, тұмау 23,31%-ға, жіті ішек инфекцияларының тобы 2,2 есеге, бактериальды дизентерия 9 жағдайға, сальмонеллез инфекциясы 1 жағдайға, ротавирус инфекциясы 41,3 есеге, туберкулез 18,40%, созылмалы вирусты гепатиттер 1 жағдайға, сифилис 2,26 есеге, қышыма ауруының 2 жағдайға азайды», - дейді Ғазиз Надуев.
Ал көкжөтел, менингококк инфекциясы, тағам токсико инфекциясы, жіті вирусты гепатиттер мен эхинококкоз ауруларының деңгейі біршама өскен.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА