Ақтауда 33 шағынаудандағы көпқабатты үйдің бірінен құлаған 4 жасар бала есін жиды. Қазір науқастың жағдайы тұрақты. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Жарақат алған бала есін білместен жансақтау бөліміне жатқызылды. Бір тәуліктен соң ғана ес жиды. Оған сүйегінің сынуы, бас миының шайқалуы, үшінші дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылды. Баланың қазіргі жағдайы тұрақты. Бүгін жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауысты», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің айтуынша, науқас 7 күннен кейін үйіне жіберіледі. Қалған ем-дом шаралары тәжірибелі дәрігер жазып берген тағайындауға сәйкес жүргізіледі.
Еске сала кетейік, төрт жастағы бала төртінші қабаттан құлаған. Оқиға 4 қазан күні сағат 14:55 шамасында болған. Жедел жәрдем бригадасы зардап шегушіні Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізген болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА