Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай 12 шағынаудан тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
Алдымен қала басшысы шағынауданда кешенді абаттандыру жұмыстарының басталғанын жеткізді. Абаттандыру жұмыстары аясында 17 ойын, 5 спорт алаңы толық жөндеуден өтеді. Одан бөлек, 19 709 шаршы метр жаяу жүргіншілер және 61 653 шаршы метр автокөлік жолдары жөнделмек.
Сонымен қатар облыстық қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен “Ашық әкімдік” жобасында маслихат депутаты Аббат Өрісбаевтың 12 ш/а 37 тұрғын үй артынан бизнес орталық үшін берілген жерге қатысты сұрағы да назарға алынды. Әкім кәсіпкерге басқа жер телімін беру туралы ұсынысын білдірді. Ал бұл аймаққа тұрғындардың демалуына арналған сквер салу жоспарда бар.
Жарықтандыру мен тұрғын үй алдында көлік тұрақтайтын орынның өте тар екеніне және көгалдардың уақытылы суарылмайтындығына қатысты қала басшысы жауапты мамандарға тапсырма берді. Орындалуы іс-жоспарға енгізіліп, бақылауда болады.