Жаңа оқу жылында ақтаулық оқушылар қашықтан білім алады. Мектеп қабырғасын аттағалы отырған бүлдіршіндер де үйден оқиды. Алайда бұл жүйені кейбір ата-аналар қолдамай отыр. Бүгін қала әкімінің орынбасары Әбілхайыр Байпақов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асема Жұмабайқызы және Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Тулебаевамен кездесіп, өз пікірлерін білдірді.
Қала тұрғыны Виолетта Иванец жолдасы екеуінің жұмыста екенін айтып, 1-сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашу керегін ұсынды.
Осы ретте қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асема Жұмабайқызы қазіргі жағдайды түсіндіріп берді.
"Өздеріңіз білесіздер, короновирус инфекциясы Қазақстанға қалай әсер етті, қаншама адам науқастанды, дәрігерлердің өзі де ауырды. Кеше ғана Ақтауда 8 адам тіркелді. Демек, әлі толығымен вирус кеткен жоқ. Сондықтан біз жағдайды бақылауымыз керек. Балалардың денсаулығымен тәуекелге бара алмаймыз",-деді ол.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы жаңа оқу жылына дайындықтың басталып кеткенін айтты.
Оның айтуынша, қашықтан оқу үшін аз қамтылған отбасылардың балалары компьютерлермен қамтылады. Бұл үшін мектептердегі компьютерлік құрылғылар оқушыларға уақытша пайдалануға беріліп жатыр.
"Оқушыларды компьютерлік құрылғылармен қамту үшін, яғни 662 дана компьютер сатып алуға республикалық бюджеттен 189, 3 млн теңге, жергілікті бюджеттен 708 компьютерге 109,7 млн теңге.қаржы бөлінді. Қазіргі таңда 1 370 компьютерлік құрылғыны сатып алу процедуралары жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ мектептерді хлор ертінділерімен қамтамасыз етуде.
Жиын соңында қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанша сыныптар ашылмай, қашықтан оқу жалғастыратыны туралы қорытындыға келді.