Ақтау қаласының дәріханаларына препараттардың шекті бағасы туралы ақпарат жазылған QR кодтар ілініп жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ілінген парақшаларда парацетамол, ингавирин, аспирин кардио, ацетилсалицил қышқылы мен антигриппин таблеткаларының шекті бағасы көрсетілген. Сондай-ақ, ілінген парақшадағы QR кодты телефоныңызға енгізу арқылы басқа да дәрі-дәрмектің шекті бағасын біле аласыз. Егер дәрі-дәрмектің бағасы шектен тыс көтерілген болса, парақшада көрсетілген номерлер мен арнайы органдарға хабарласа аласыз.
Бұл дәрі-дәрмектің бағасын негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жасалып отыр.
Айта кетейік, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шекті бөлшек бағалары көрсетілген ақпараттық материалдар өңірдің барлық дәріханаларына орналастырылатын болады.