Қарақиялық жастар ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіннің еміне 500 мың теңгеге жуық қаржы жинап берді. Бұл туралы Қарақия аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Мейрамгүл Аманиязова мәлім етті.
Оның айтуынша, жиналған қаржыға бүлдіршінге қажетті дәрі-дәрмек сатып алынады. Сондай-ақ, пандемия кезінде еріктілер белсенділік танытып, тұрғындарға көмек қолын созған.
“2020 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Еріктілер жылы деп жарияланды. Осыған орай, Қарақия ауданының белсенді жастарының арасынан еріктілер тобы құрылып, тізім жасақталды. Еліме пайдамды тигізсем деген жастардан құралған еріктілер тобы “COVID -19” пандемиясы кезінде жарияланған төтенше жағдай және карантиндік режим кезеңінде көмек қолын созды. Олар өздері тіккен және қосымша берілген бетперделерді, жұқпалы вирустың алдын-алу бойынша дайындалған арнайы нұсқаулық парақшаларды, азық-түлік салынған арнайы қораптарды мұқтаж жандарға таратты. Үйден шыға алмаған егде адамдарға, мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға қол ұшын беріп, тазалық жұмыстарына көмектесіп, ауруханада өкпе қабынуы ауруымен емделіп жатқан жандарға кислород баллондарын тасыды”, деді ол.