Оның ішінде 25 науқас – ауыр, 12 адам – өте ауыр және 109 науқас орташа ауыр жағдайда жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
550 адамға арналған көпбейінді провизорлық стационарда ем қабылдап жатқан науқастар саны күн өткен сайын азаюда. Мамандардың айтуынша, орташа есеппен күніне 20 шақты науқас үйге шығарылады, ал 5-6 адам өкпе қабыну диагнозымен ауруханаға түседі.
Еске сала кетейік, бұған дейін провизорлық стационардан өкпесінің 97 пайызы вируспен зақымдаған науқас толық жазылып шыққан болатын. 35 жастағы науқасты аман алып қалу үшін дәрігерлер аурумен арпалысты. Өлім мен өмір арасында жатқан тұрғынның жағдайын бағамдады. Соның нәтижесінде ауыр жағдайда жатқан емделуші ауруынан айықты. Емдік шараларды жүргізген ақ халаттылар қатарында резидент, жас маман Ардақ Аллабергенқызы да болған еді.
Жас маман Ардақ Аллабергенқызы көпбейінді провизорлық стационарға маусым айында келген. Содан бері ол коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеп, олардың тез сауығуы үшін ем шараларды жүргізуге көмектесіп жүр. Ол қазіргі таңда Алматы қаласындағы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде эндокринология бағыты бойынша резидентурада білім алып жатыр. Десе де өз еркімен жергілікті медицина саласына келіп, қиын сәтте науқастарды қарауға бел буған.
«Маусым айында коронавирус індеті өршіп кеткен еді. Сол сәтте мен облыстағы көпбейінді провизорлық стационарға келуге шешім қабылдадым. Тіпті, қанша қорқынышты болса да науқастармен байланыс орнатып, олардың оттегі жетіспеушілігінің алдын алып, ем қолданып, жағдайының тұрақты болуын қадағаладық. Бір айдың ішінде осында жүріп көп нәрсені үйрендім. Білікті дәрігерлерден тәлім алып, тәжірибе алмастым. Осы ретте облыстық аурухана басшылығына, Терапия – 1 бөлімінің меңгерушісі А. Башиеваға, білікті дәрігерлер Г. Чагай және А. Саясатұлына өз алғысымды білдіремін», - дейді резидент Ардақ Оразбай.
Білімін шыңдап, біліктілігін арттырып жүрген жас маман күнделікті науқастардың жағдайын сұрап, жүрек қағысын тыңдап, сапалы медициналық қызмет көрсетуге дайын. Оның айтуынша, резидентураны аяқтаған соң туған жерге келіп, өңірдегі медицина саласының ілгері дамуына атсалыспақ.
Аймақ дәрігерлері пневмониямен ауырып келген тұрғындардың аяққа тұруы үшін қолдан келгеннің барлығын істеп жатыр. Нәтижесінде сырқаттан сауығып, ақ халаттыларға алғыс айтқан жан көп. Соның бірі - екі өкпесі қабынған маңғыстаулық 70 жастағы тұрғын Валентин Береснев.
«Үйде мазам қашып, температура 38 градусқа көтерілген соң, жедел жәрдем шақырдым. Содан бері ауруханада ем қабылдап жатырмын. Қазір жағдайым жақсы, температура жоқ, көңіл-күйім бірқалыпты. Аурудың қалай, қашан келетіні бізге белгісіз. Сондықтан баршамыз карантин режимін сақтауымыз керек», - дейді зейнеткер Валентин Береснев.
Ал Гүлсира Миникарова есімді зейнеткердің стационарда жатқанына 1 ай болған. Ол 8 күн бойы үйде ауырып, 90 пайыз ауыр жағдайда ауруханаға келген. Содан 10 күн бойы жан сақтау бөлімінде аурумен арпалысып, кейін арнайы палатаға орналасқан болатын.
«Мені дәрігерлер аман алып қалды. Ауруханаға өте нашар хәлде келген едім, тіпті 10 күн бойы жан сақтау бөлімінде есімді білмей жаттым. Денсаулығың әлсіреп, күш-жігерің қалмаған кезде өмір сүруге деген құштарлық жоғалады екен. Десе ақ халатты абзал жандардың арқасында қайта ес жидым. Менің тынысымды ашқан, мені қайта өмірге әкелген дәрігерлерге алғыс айтамын», - дейді Гүлсира Миникарова.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер автордан