Маңғыстау облыстық көпбейінді провизорлық стационарда 7 резидент қызмет етіп жүр. Қызыл аймақта қорықпай, індеттің ілмегіне ілінгендердің жағдайын бақылауда батырлық танытқан жас маманның бірі - Нүркен Бердібекұлы.
Оның еңбек етіп жүргеніне екі айдан астам уақыт болған. Қазіргі таңда М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде резидентурада оқып жүр.
«Жоғары оқу орнын аяқтаған соң алғашқы еңбек жолым емханадан басталған болатын. Қазір кардиолог маманы болуым үшін білімімді шыңдап жүрмін. Десе де екі айдан бері өңірдегі провизорлық стационарда қызмет етудемін. Жан сақтау бөліміне бірден келу оңай іс емес. Жауапкершілікті жүктейді. Сондықтан жауапкершілікті сезініп, жанымда жүрген білікті дәрігерлердің тәжірибесіне сүйеніп, ем-домдарды жүргізіп жүрмін. Дәрігерлердің нұсқауымен науқастарға қарап, жағдайының тұрақтылығын тексеремін. Жан сақтау бөлімінде жатқан науқастарға қарау өте қиын. Олар тек вирус жұқтырған науқастар емес, арасында қосалқы аурулары асқынған жандар да кездеседі», - дейді жас маман Н.Бердібекұлы.
Осы ретте жан сақтау бөлімінде ем қабылдап жатқан науқастармен тілдесудің сәті түсті. Коронавирус індетінен аман қалған 53 жастағы тұрғын Канзабила Тауасарова аурудан айыққанына қуанышты. Ол қиын сәттердің арта қалғанына сенім білдіріп, дәрігерлердің біліктілігіне рақмет айтты.
«Ең алдымен үйде жолдасым ауыра бастаған соң өзім үй жағдайында ем жүргізген едім. Кейін балаларымның мазасы қашты. Ауруы асқынбас үшін бірден алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Жолдасым мен балаларым жазылған соң, мен де ауырдым. Денсаулығым нашарлап кеткен соң дәрігерлердің көмегіне жүгіндім. Бірден жан сақтау бөліміне алып келіп, қажетті ем жүргізді. Қазір жағдайым жақсы, дәрігерлердің күнделікті бақылауындамын. Мені бір өлімнен аман алып қалған дәрігерлерге Амантай Есенғалиұлына, Марат Аманғалиұлына және барлық медицина қызметкерлеріне алғыс білдіріп, басымды иемін», - деді ол қуанышын жасыра алмай.
Мамандар аймақтағы жағдайдың тұрақталып келе жатқанын алға тартады, десе де босаңсып кетуге әлі ерте екенін еске салады. Ал науқастар болса «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керек» деп тұрғындарды сақтық шараларды сақтауға шақырып отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА