Енді қыркүйек айынан бастап балалар мен ересектер тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша «111 жедел қызметіне» жүгіне алады. Аталған қызмет тәулік бойы жұмыс істейді, келіп түскен барлық хабарламалар мен өтініштер құпия сақталады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Call-орталық «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқығын қорғау жөніндегі кеңестің бастамасымен құрылды.
Кеңес төрағасы Динара Закиеваның айтуынша, балаларға қатысты жылына 2000-нан аса қылмыс тіркеледі, оның 700-ге жуығы жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы жасалады. Ең өкініштісі, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың 60%-ы отбасында болады.
«Балалар мен ересектер өздеріне көмек қажет болған кезде немесе отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болып, балалардың құқығы бұзылса қайда баратынын білмейді. Осы орайда «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған орталық балалар қауіпсіздігінің сақталуына көмектеседі. «111 – жедел қызметіне» баланың көшеде, үйде, көлікте жалғыз қалғаны, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнгені, зорлық-зомбылық немесе қатыгездік жасалғаны туралы хабарламаларды жіберуге болады», - деді Динара Закиева.
Кеңес төрағасы зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйелік шешімдерін енгізу бойынша жұмыстар бірнеше айдан бері жүргізілгенін айтты. Атап айтқанда, барлық өңірлерде өмірлік қиын жағдайдағы және зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларды анықтау жөніндегі жедел әрекет ету топтарының жұмысы ұйымдастырылған. Қазіргі таңда 2 182 жедел топ (жергілікті атқарушы органдардың қолданыстағы функционалдық міндеттері аясында) ашылды. Сонымен қатар Кеңес балаларды қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша Мәжіліс тобында бірлесіп жұмыс істейді.
«Біз балаларды ұрып-соғу, азаптау, зорлық-зомбылық көрсету әрекеттеріне қатысты жазаны қатаңдатудан бастап жетім балалардың тұрғын үй алу мәселелеріне дейін өз ұсыныстарымызды енгіздік. Енді мемлекеттік органдардың ұсыныстарымызды қолдап, келісуі маңызды. Сондай-ақ партияның хаттамалық тапсырмасына сәйкес Білім министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, зорлық-зомбылықты анықтау және оның алдын алу үшін мектептер де бірыңғай тәсілді әзірлеуі тиіс», - дейді Динара Закиева.