Бұл туралы Маңғыстау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті хабарлады.
Жаңаөзен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676 бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін С. Хасановқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Іс құжаттарында анықталғандай, азамат С.Хасанов көлік басқару кезінде бағдаршамның тыйым салынған сары түсінен өтіп кеткені үшін тоқтатылған. Ал хаттама толтырып таныстыру кезінде, азамат С.Хасанов әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мақсатында полиция қызметкеріне 2 мың теңге көлемінде заңсыз материалдық сыйақы ұсынған. Ұсталған азаматқа барлық процестің бейнекамераға түсіріліп жатқаны ескертілсе де, әрекетін тоқтатпай 2 мың теңгені орындықтар арасына қойғаны анықталды.
Сот қаулысына сәйкес азамат С.Хасанов кінәлі деп танылып, екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 555 600 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды.