Көптен бері жаумаған нөсер жауын 19 шағынауданда орналасқан «Тыныштық» тұрғын үй кешенінің тұрғындарын біраз әбігерге салды. Тұрғындар 5 сағат бойы жаңбыр суын өз күштерімен әртүрлі ыдыстарға құйып сыртқа тасыған. Олар үй құрылысында бір шикілік барын айтады. Айтуларынша, жаңбыр суы тұрғын-үйдің төбесінен емес, суағар құбырынан тасыған. Оның үстіне үйді тұрғызған мердігер мекеме суағар құбырын жеделсаты шахтасына орналастырыпты.
Үйдің төбесінен су кетіп, кіреберісті су алып кетті. Үйіміздегі дәліз бен жуынатын бөлмені түгел су басты. Көршілер көмекке келді. Түнімен су тасумен болдық. Жеделсаты да істен шықты. Үстімізден су шелектеп құйды. КСК мамандары бәрі біткеннен кейін келді, - дейді тұрғын Мейрамгүл Жолдас.
Оқиға орнына барып көз жеткіздік. Расында үйдің жеделсаты шахтасында суағар құбыры орналасқан. Одан тасыған су тұрғындардың үйінің төбесіне қарай аққан. Оны байқаған тұрғындар жеделсаты шахтасының есігін ашпақ болған. Бірақ аша алмапты, есік құлыптаулы болған. Мамандар уақытында келмегендіктен тұрғындар есікті бұзуға мәжбүр болыпты.Таң атқанша тыныштығы қашқан тұрғындардың айтар шағымы көп. Олар мердігер мекеме бұл олқылықтың орнын толтыруы тиіс дейді. Ал «Тыныштық» тұрғын-үй кешенін салған “Mega Technology Company” ЖШС басшысы тұрғын үй мен пәтерлердің шығынын есептеп, өтеп беруге сөз берді.
Еске сала кетейік, 5 тамыздың түнінде Маңғыстау облысында көп мөлшерде жауын-шашын жауғандықтан, 19 шағынауданда орналасқан "Тыныштық" тұрғын үй кешенінің бір үйінің подъезі мен кей пәтерлерінің ішін су басқан еді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ақтау қаласының аумағында 12 учаскеге су жиналған, автомобильдердің жүру бөлігінде 5 учаске және 7 учаске тұрғын үйдің ауласын су басқан.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ