Ақтауда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар білім беру нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Атап айтсақ, № 1, 2, 8, 9, 10, 12, 14, 16, 17, 20, 21, 22, 27 орта мектептері мен №19 «Толағай», №29 балабақша, №56«Жұлдыз», №59 С.Шапағатов атындағы балабақшалар ағымдағы жөндеуден өтті. Аталған жұмыстарға бюджеттен 172 164,0 мың теңге бөлінген.
Сонымен қатар 29 шағынауданда орналасқан №28 жалпы білім беретін орта мектепке және 15 шағынауданда орналасқан IT мектеп-лицейге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ақтау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, №28 жалпы білім беретін орта мектепті жөндеуге 654 138,0 мың теңге бөлінген болатын. Жауапты мердігер мекеме – «Оңдасын строй» ЖШС. Ал IT мектеп-лицейге 497 300,0 мың теңге жұмсалмақ, жөндеу жұмыстарды мердігер мекеме «Нұрлы Жол Құрылыс» ЖШС өз жауапкершілігіне алды. Қазіргі таңда екі білім ордасындағы жөндеу жұмыстардың 87%-ы аяқталды.
«Қазіргі таңда бағдарлама аясында қаламыздың жұмыссыздық есебінде тұрған 329 азамат жұмыспен қамтылды. Олардың еңбекақысы 85 мыңнан жоғары болды. Мердігер мекемелер жұмысшыларды тасымалмен және түскі аспен қамтамасыз етті. Жалпы 4 балабақшаның жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ал қалған 6 мектептің жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Тамыз айының аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр», - дейді Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Тулебаева.
Айта кетейік, бағдарлама аясында жөндеуден өткен №29 балабақшада Абай Құнанбаевтың, Әбіш Кекілбаевтың өмірінен сыр шертетін суреттер жинақталған бұрыш жасақталған. Бөбекжай директорының м.а Набат Сырымбаеваның айтуынша, 280 орынға арналған нысанда қабырғалар толығымен сырланған.
«Ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында дәліздердегі қабырғалар сырланып, еден төсеніштері ауыстырылып, есіктер жаңарды. Жұмыссыздықта тіркелген 3 азамат қызмет етіп, жұмысын аяқтады», - деді Набат Сырымбаева.