Ақтауда кеше жауған жауын-шашын салдарынан 19 шағынауданда орналасқан "Тыныштық" тұрғын үйінің подъезін су басты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жоғарғы этаждан келген су тұрғын үйдің подъезіне толып кетіп, тіпті кей үйлердің ішіне дейін су кірген.
"Кеше қала бойынша толассыз жауған жауын-шашын салдарынан 19 шағынаудандағы “Тыныштық” ТҮКШ шатырынан су кету жағдайы орын алды. Түнгі жағдайдағы тұрғындарды әуреге салған оқиға орнына қалалық тұрғын үй инспекциясы маманы, тұрғын үйге қызмет көрсетуші (ПКСК) және тұрғын үй құрылысына жауапты “Mega Technology Company” ЖШС өкілдері жиналып, тұрғын үйдің суағар құбырына қоқыс жиналып су алу салдары болғанын анықтады", делінген Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Нәтижесінде, құрылысқа жауапты “Mega Technology Company” ЖШС тұрғын үй мен пәтерлердің шығынын есептеп, өтеп беруге сөз берді.
Одан, бөлек қаладағы өзге де тұрғын үйлер бойынша су алу жағдайлары тексеріліп жатыр.