Бұл туралы өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді.
Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін облыстан 5 736 түлек өтініш берген.
«Облыс бойынша ең жоғары балды (138) Мұнайлы ауданы Қызылтөбе лицейінің «Алтын белгі» иегері Салтанат Кульджанова жинады. Сондай ақ «Білім-инновация» лицейінде білім алған 4 түлектің SAT халықаралық сертификаттарының нәтижесі ҰБТ-дің 140 балына теңестірілді.
Шекті балл жинай алмаған түлектер 15-17 тамыз күндері ұлттық бірыңғай тестілеуге қайта қатыса алады. Тестілеуге өтініштер 1 тамызға дейін жүргізіледі. Бұл жағдайда талапкер жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түседі. Университеттің ақылы бөліміне түсу үшін қаңтар айындағы шекті балл жинаған сертификаттары жарамды болып есептеледі», - деді А.Сейдалиев.
Айта кетейік, маусым айында ҰБТ-дан шекті балл жинаған түлектер жоғары оқу орнында оқу үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысады. Биыл мемлекеттік грант көлемі 69 мың 256 орынға бекітілді. Құжат қабылдау 13-30 шілде күндері egov.kz электронды үкімет порталы арқылы өтеді. Конкурс нәтижесі жарияланғаннан кейін 5-10 тамызда жергілікті әкімдіктің грантына өтініш қабылдау басталады.
Жергілікті әкімдіктің гранты конкурсына үміткерлерге арналған (өңірге қажетті мамандықтар тізбесі, қажетті құжаттар және т.б.) жадынама ақпарат мемлекеттік грант конкурсы өткеннен кейін Маңғыстау облыстық білім басқармасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында және интернет-ресурсында жарияланады.