Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы Маңғыстау облыстық орталық мешітінің жанындағы әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен "Қырмызы" тігін шеберханасы мен "Шәрбат" үй пісірмесі өз жұмысын бастады. Бұл туралы мешіттің баспасөз қызметі хабарлады.
Қайырымдылықты мақсат ететін бұл орындарда әзірге 8 адам жұмысқа тартылып отыр.
"Қырмызы" тігін шеберханасында қазіргі елдегі жағдайға байланысты провизорларға қажетті төсек жаймалары мен бетперделер тігілмек. Үй пісірмесінде дайындалған тәтті торттар, пирогтар мен самса-бәліштер қайырымдылық мақсатында таратылады", дейді ҚМДБ Маңғыстау облыстық орталық мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов.
Қазіргі уақытта пандемияға байланысты дәрігерлер мен науқастарға қажетті дүниелер тігіліп жатыр. Сапалы өнімдер таза мақта маталарынан дайындалады.
"Мешітте шеберхана мен кондитерлік үй пісірмесінің ашылуы - қуанышты жаңалық, сауапты іс деп санаймын. Бұл - аймақтағы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуының көрінісі. Жоба - аз қамтылған отбасылардың қыз-келіншектеріне кәсіп үйренуге үлкен мүмкіндік", дейді Маңғыстау облыстық дін істері басқармасының бөлім бастығы Гүлмира Балғожаева.
Маңғыстау облыстық әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақмарал Қазиеваның айтуынша, алдағы уақытта тігін шеберханасында ұзатылатын қыздың ұлттық нақыштағы жасауы, бесік жабдықтары және құрақ көрпешелер тігіледі. Мақсат - ұлттық қол өнерді үйрету, қыз-келіншектерді кәсіпке баулу, сол арқылы ұлттық құндылықтар мен қазақы дәстүрлерді насихаттау. "Шәрбат" үй пісірмесінде торттар, самса-бәліштер мен шәй тәттілері пісіріліп, қайырымдылық мақсатында таратылмақ. Сондай-ақ, шеберлік сыныптарында білікті мамандар қыз-келіншектерге аспаздықтың қыр-сырын үйретіп, өз кәсіптерін ашудың жолдарын түсіндіретін болады.