Қарақия аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Мырзақыз Аманиязованың айтуынша, биыл 2 370 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
«Жарты жылдың қорытындысы бойынша 1 315 адамды жұмыспен қамтыдық. Оның ішінде 729 тұрғын тұрақты, 586 адам уақытша жұмысқа орналасты. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты техникалық және кәсіптік біліммен қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз етуге бағытталған. Аудан бойынша 98 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жергілікті бюджеттен 13 млн 152 мың теңге бөлінді. Карантин режиміне байланысты қысқа мерзімді кәсіптік оқыту кейінге шегерілді», - деді Қарақия аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры.
Биыл тағы 110 адамды «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздерін» оқыту жоспарланды.
«15 маусымнан бастап 40 адам онлайн оқыды. Оның 13-і оқудан шығарылды. 3 адам екінші кезеңге өтті. 24 адам оқуды аяқтап сертификат алды. Қазіргі таңда тағы 35 адам 9 шілдеден бастап онлайн оқып жатыр. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 110 млн теңге қаржы бөлінді. Осы қордан несие алуға 30 адам өтініш білдірді. 17 адамға 68,4 млн теңге несие берілді», - деді ол.