Бүгін Ақтөбе қаласынан келген ғалым-дәрігерлердің қатысуымен онлайн конференция өтті. Тікелей эфир Маңғыстау облысы әкімінің қолдауымен ZOOM платформасы арқылы көрсетілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тікелей эфир «COVID-19 таралуына төтеп берудегі əлеуметтік желілердің рөлі» тақырыбында өрбіді. Оған Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медицина университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі департамент жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, гигиенист-эпидемиолог Ақмарал Мұхамбетжанқызы және жергілікті БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.
Алдымен медицина ғылымдарының кандидаты Ақмарал Мұхамбетжанқызы коронавирус пандемиясының алдын алу шаралары мен сақтану жолдарын атап өтті.
Індет ілмегіне ілінгендер саны күрт өскен соң халықтың да жауапкершілігі арта түсті. Денсаулығына мән беріп, түрлі аурудан айықтыратын амалдарды өз бетінше жасауды қолға алған еді. Бұл ретте маман тек дәрігерлердің нұсқауымен шара қолдану керек екенін айтады. Сонымен қатар кез келген дәріні қабылдауды емес, салауатты өмір салтын ұстанып, дәрумені мол пайдалы өнімді тұтынғанды дұрыс деп есептейді.
«Осы күнге дейін әрбір азаматтың денсаулығына медицина мамандары жауапты болған еді. Енді қазіргі таңда әр адам өз денсаулығына, өмірі үшін жауапкершілік арқалайды. Себебі бұл індет денсаулықтың маңыздылығын тағы бір еске салды. Сондықтан халық спортпен шұғылдануы, дұрыс тамақтануы, салауатты өмір салтын ұстануы қажет. Иммунитетті мейлінше жоғары көтеруге, ауруға қарсы күресе алатындай дәрежеге ұмтылуы керек. Барынша қолда бар бетпердені киіп, сақтық шараларына ерекше мән беруі қажет», - дейді Ақмарал Мұхамбетжанқызы.
Оның айтуынша, жағдай тұрақталып келеді. Десе де босаңсып кетуге әлі ерте. Сондықтан да ол Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған профилактикалық 5 ережені естен шығармай, күнделікті істеуді айтты. Қол мен бетті сабынмен жиі әрі мұқият жуу және қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану, көп адам жиналатын орындардан аулақ болу, науқас адамдармен байланысқа түспеу, салқын тию белгілері пайда болғанда жедел жәрдем қызметіне жүгіну, бетпердені міндетті түрде тағу сынды әрекеттерді дағдыға айналдырудың маңызы зор екенін атап өтті.
«Бастапқы уақытта адамдар коронавирус індетінің бар екеніне сенбей, ауруды асқындырып алды. Алайда өлім-жітім көбейген сайын тұрғындардың түсінігі өзгерді. Десе де ақпараттық, ағартушылық шараларды үздіксіз ұйымдастыруымыз керек. Осы ретте әлеуметтік желіні тиімді пайдаланушылар ресми ақпараттар мен мәліметтерге сүйеніп, сақтану шараларын жариялап отырса нәтижесі де жаман болмайтыны анық», - деп Ақмарал Баспақова жұртпен жұмыла көтерген жүктің жеңіл екендігін айтып, онлайн конференцияға қатысушыларды әлеуметтік желі арқылы COVID-19 таралуына төтеп беруге, халықты жедел ақпараттандыруға әрі қарапайым тілмен түсіндіруге шақырды. Сондай-ақ қатысушылар түйткілді сауалдарына тұщымды жауап алып, өз ұсыныстарын жолдады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА