Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен онлайн-брифингте айтылды. Брифингке облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман мен Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров қатысты.
Өңірде ауыз су тапшылығы жаз мезгілінде орын алады. Себебі суды пайдаланудың көлемі өседі. Мамандардың айтуынша, облыста жаз мезгілінде беріліп отырған ауыз судың көлемі тәулігіне 150 мың текше метрді құрайды.
«Алайда, бұл тұрғындар сұранысын толық қанағаттандырмайды. Толық қамту үшін қосымша 37 мың текше метр су қажет. Осыған байланысты, қазіргі уақытта облыста келесідей кешенді жұмыстар атқарылып жатыр», деді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров.
1) Ақтаудың іргесінде тұрған «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге арттыру. Жалпы құны 10,5 млрд теңгелік жобаның ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттамасы) жасақталуда. Құжат алдағы тамыз айында дайын болады деп жоспарланған. Жоспар бойынша 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап зауыт бір тәулікте 40 мың текше метр ауыз су шығара бастайды.
2) «Кендірлі» курорттық демалыс аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытуға қауқарлы зауыт салу. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр. Мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізілген. Зауыт салынған жағдайда Жаңаөзен қаласының халқы ауыз судан тапшылық көрмейді. Жоба құрылысын «ҚазМұнайгаз» АҚ жүзеге асырып жатыр.
3) «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су шығаратын зауыт салу. Қазір жоба құрылысы жүріп жатыр. Зауыт 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылуы керек. Бұдан соң әлгі кен орны «Астрахань-Маңғышлақ» су магистралынан тәулігіне алынатын 17 мың текше метр суға тәуелділіктен босайды. Осы мөлшердегі суды облыс жұртшылығының қажетіне беруге мүмкіндік болады сөз.
4) Қарақия ауданы Құрық ауылында тәулігіне 50 мың текше метр су шығаратын зауыт салу. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр. Мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізілген.