1962 жылы туған Алтынай Өтесінова 3 шілде күні көпбейінді стационарға ауыр жағдайда түскен. Қазіргі жағдайында сәл де болса оң динамика байқалады. Бірақ дәрігерлер науқастың жағдайы тұрақты ауыр екенін жасырмайды, деп хабарлайды mаngystaumedia.kz.
Стационарға кеудесіндегі ауырсыну симптомдарымен түскен науқас алдағы уақытта жалпы палатаға ауыстырылады деп күтілуде.
«Шүкір, жақсымын. Ауруханаға алғаш күні түскен кезімдегі жағдайға қарағанда қазір жақсымын деп айта аламын. Алғашында үй жағдайында емделдім, дем жетпегені есімде, әрі қарай не болғаны мүлдем есімде жоқ. Дәрігерлерге мың алғыс. Ауырып жатқандардың саны аз емес, қаншамасы емделіп үйлеріне оралып жатыр. Алайда, бұл індеттің бар екеніне сенбейтіндерді түсінбеймін, оларға сөзім жоқ. Барлығына айтарым күтінген дұрыс, денсаулықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ. Осы ауруханаға жатқан соң ғана аман қалдым деп есептеймін. Ал егер де әрі қарай үй жағдайында емделгенімде, жағдайым жақсы болар еді деп айта алмаймын. Тек осында келген соң өзіме келдім», - дейді ол.
Айта кету керек, жалпы реанимация және интенсивті терапия 2 бөлімнен тұрады, оның әр қайсысы 13 адамға арналған, қазіргі уақытта біреуінде 10 адам жатыр.