Бұл туралы МО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары Ринат Кубатаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Маңғыстау облысында төрт ірі фармкомпанияның қоймасы бар. Олар дәрілік заттарды орталықтағы фирмалардан тапсырыспен алады. Соңғы кезде облыстағы дәрі жетіспеушілігі мәселесіне олар кінәлі емес. Себебі орталықтағы компаниялардың қоймасында дәрі саны азайған болатын.
«Бүгін, 6 шілде күні «ЭМИТИ Интернешнл» ЖШС Ақтау қаласындағы филиалына, «Медсервис Плюс» ЖСШ филиалына және «Инкар-Актау» ЖШС-ға көлемі 90 м/куб бір фура көліктерімен дәрілік заттар келді. Енді қойма қызметкерлері дәрілерді қабылдап (арнайы бағдарламаға тіркеп), дәріханаларға таратып береді. Бұл процесс бір күндік уақытты алады», - дейді Ринат Кубатаев.
«АДА Фарм – Актау» ЖШС-ның облыста 22 дәріханасы жұмыс істейді. Қазіргі таңда аталған дәріхана өз желісіне келген дәрілерді таратып жатыр.
«Сонымен қатар 10 шілде күні «Медсервис Плюс» ЖСШ филиалына тағы бір фура дәрілік заттар келеді деп күтілуде. Аптаның аяғына дейін дәріханалар керекті дәрі-дәрмектермен барынша қамтамасыз етіледі», - деді МО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары Ринат Кубатаев.