Екі мыңға жуық әскери медицина қызметкері Қарулы күштерде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізіп, денсаулық сақтау саласының мамандарына көмектесіп жатыр. Бұл туралы Ақтау гарнизонының әскери баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қорғаныс министрлігінің елордадағы Бас әскери клиникалық госпиталі 180 орындық карантиндік және провизорлық стационарға, Алматыдағы әскери клиникалық госпиталь 230 орындық инфекциялық стационарға айналды. Талдықорған қаласындағы 35 орындық әскери госпиталь және Үшаралдағы 70 орындық әскери лазарет инфекциялық және провизорлық стационар ретінде жұмылдырылған. Коронавируспен ауыратын науқастарды қабылдау үшін қосымша бірінші күннен бастап әскери-медициналық қор басқа елді мекендерде де дайындалған.
Қарағанды әскери лазаретіндегі медициналық персоналдың 15 адамы облыстық клиникалық аурухана базасындағы провизорлық госпиталь жұмысына жұмылдырылған болатын.
Ал Ақтөбе, Аягөз, Гвардейск, Сарыөзек, Семей, Өскемен қаласындағы әскери-медициналық мекемелерінде жергілікті карантиндік, провизорлық, инфекциялық стационарларға 60-тан аса дәрігерлік-мейірбике бригадасы дайын тұр.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін 700-ден астам науқас аталған карантиндік, провизорлық және инфекциялық әскери-медициналық мекемелерде ем қабылдады.