Айнагүл Едігеқызы Күшікбаева – Жаңаөзен қаласындағы «Жаңаөзен жұлдызы» журналының бас редакторы, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты «Өзен» газетінің журналисі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, I санатты ұстаз, көп балалы ана.
Журналистика – кез келгеннің қолынан келе бермейтін, туа бітті қабілет пен сабыр-төзімділікті, талмай іздену мен ерекше еңбекқорлықты қажет ететін кәсіп. Бойыңда бұлардың бірі кемшін болса, онда қатарда ілініп жүре берерсің, бірақ елге пайдалы мықты маман болуың екіталай. Әсіресе ерінбеген екінің бірі блогер болып, айналада жалған-расы аралас түрлі хабарламалар өріп жүрген қазіргі әлемнің арындаған ақпараттар айдынында адасып қалмау маңызды. Мұндайда жұртыңа дұрыс ақпарат жеткізу үшін аяқты аңдап басып, әр деректі қалт жібермей, жиған-терген білімің мен тәжірибеңе сүйенесің. Жаңаөзен қаласында шығатын «Жаңаөзен жұлдызы» журналының бас редакторы Айнагүл Күшікбаева өзінің педагог мамандығын осынау тынымсыз журналистикаға алмастырған. Он жылдан бері Айнагүлдің қаламының ұшына ілінген жан жадыратар небір әдемі сезімдер, ұшқыр ойлар мен сан салалы ақпараттар оқырмандарының көз алдынан күнделікті өтіп жатыр.
Ол Түрікменстанның Балкан уәлаятының Красноводск, қазіргі Түрікменбашы ауданының Белек поселкесіндегі №29 орта мектепті үздік бітірді. Ата-анасы ешкімнен артық та, кем де емес, балаларына дұрыс тәрбие бере білген қарапайым жұмысшылар болатын. Көп баланың арасында алғыр болып өскен, қоғамдық жұмыстарға араласқыш Айнагүлдің тілге деген қабілетін білетін мұғалімдер ел астанасы Ашхабад қаласына барып, филология факультетіне бақ сынап көруге кеңес береді.
Ұстаздарының сөзін екі етпей, ұсынысына құлақ асатын Айнагүл ата-анасының батасын алып, үлкен қалаға аттанады. Келе сала Д.Азади атындағы Түрікмен мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне құжаттарын тапсырып, барлық емтихандардан сүрінбей өтеді де студент атанып шыға келеді. Бұл 1989 жыл еді. Түрікмен астанасындағы әр түрлі оқу орындарында оқитын қазақ қыздарымен танысып, жаңа ортаға тез бейімделеді. Сабағын да жақсы оқыды. Анау түрікмен, мынау қазақ деп, бөліп-жарып жатқан ешкім жоқ, алуан ұлттардың жастарымен араласып, Ашхабадқа бауыр басып, жылдар жылжып өтіп жатты.
1994 жылы қолына орыс тілі пәнінің мұғалімі деген дипломын алып, алғашқы еңбек жолын Бекдаш кентіндегі №1 орта мектепте бастап шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беруге кіріседі. Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында сол жылы-ақ екінші санатты мұғалім атанады.
Жүздеген шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, саналы азамат етіп ұшырған Айнагүл Едігеқызы 2001 жылы бірінші санатты ұстаз болады. Мектептегі, айналадағы жаңалықтары, жүрегінен шыққан ойлы оралымдары Түрікменстанда қазақ тілінде шығып тұрған жалғыз газет – «Жұмысшыда» жарияланатын. Мектепте оқып жүрген кезінде де Айнагүл осы газетпен үнемі байланысып, хат-хабарларын жолдап тұратыны есімде. Оның мақалаларын сәл түзетіп, тікелей жариялай беретінбіз. 1998-1999 жылдарғы экономикалық ауыр жағдайға байланысты бірінен соң бірі жабылып жатқан бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге «Жұмысшы» да жабылғасын бұрын жайлап Қазақстанға қарай қозғалып жатқан ел атажұртқа үдере көшті. Күнде бір емес, бірнеше отбасы бірігіп, туған елін тастап, атамекенге көш түзеді.
Ақиқатын айтайық, бұл көштің мақсаты әлдекімдер қиямпұрысөтықпен айтатындай, Қазақстан экономикасы жақсарғасын қара тамақтың қамы емес, болашақ ұрпақтың, ана тілін сақтап қалудың қамы-тұғын. Түрікмен жерін мекендеген күллі қазақтың басын қосып, Қазақстанмен рухани байланыстырып, қазақ диаспорасының орталығы іспетті болған «Жұмысшының» құрдымға кетуін қазақы рухтың құлдырауы деп түсінген қандастардың көпшілігі бабалары жатқан Маңғыстауға қоныстанды. Айнагүлдің отбасы да осы көшпен 2001 жылы киелі мекенге келіп жеткен-ді.
Жаңаөзенге табан тіреп, осындағы №9 орталау мектепте ұстаздық еңбек жолын жалғастырады. Мектепте жұмыс істеп жүргенімен, үйренген әдеті бойынша, жергілікті газеттермен тығыз қарым-қатынас орнатады. Ұрпағыңның санасын жетілдіру, отбасы құндылығы секілді тәрбиелік маңызы зор мақалалары «Жаңаөзен», «Жаңаөзен жаршысы» гезеттерінде жиі жарық көретін. Көп ұзамай «Жаңаөзен» газетінің штаттан тыс тілшісі болады.
Мақала жазуға әбден төселіп, журналистиканың қыр-сырына қанық болып қалған А.Күшікбаева 2010 жылдан бастап Алматы қаласынан шығатын халықаралық «Дала» журналының Маңғыстау облысы бойынша ұйымдастырушы-редакторы қызметін атқарады. Сол кезде Айнагүлдің белсенділігі арқасында журналдың 14 нөмірі Жаңаөзен қаласына арналған екен. Қаланың тыныс-тіршілігі, еңбек адамдарының өнегелі өмірі сол газетте көрініс тапты.
Жүрегі қалаған журналистикаға біржолата бет бұрған келіншек әркімнің тісі бата бермейтін істі қолға алып, Жаңаөзен қаласында тұңғыш рет журнал шығаруға кірісті. Рас, басында қатты қиналды. Ұйымдастыру жұмыстарын санамағанда, қаржы жағы қатты қинады. Отбасы бюджетінен бөлуге мәжбүр болып, қиындықтарға қарсы тұра білді. Мұнай саласында жұмыс істейтін жан жары да Айнагүлді қолдап, қанаттандырып отырды. Ол алған бетінен қайтпайтын, қайсар мінез келіншегінің бастаған ісін аяқсыз тастап кетпесіне сенді.
Сөйтіп, 2016 жылы сәуір айында «Жаңаөзен жұлдызы» журналының 1-саны жарқ етіп шыға келді. Басылым Елбасы Жолдауын негізге ала отырып, «Рухани жаңғыру» аясында жарық көрді. Сол жылы Айнагүл Күшікбаева Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне ҚР тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының алғыс хатымен марапатталды. Бұл оның алғашқы да соңғы марапаты емес. Халықтың мұң-мұқтажын, тілек-талабын жоғары жаққа жеткізе отырып, биліктің шығарған үкімін халыққа дұрыс жағынан насихаттап, түсіндіріп отыруды мақсат тұтқан журналистің еңбегі бұған дейін де, бүгінгі күні де орынды бағаланып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында Жаңаөзен қаласының қоғамда болып жатқан жағымды жаңалықтарын халыққа насихаттағаны үшін сіңірген еңбегіне алғашқы лайықты баға 2006 жылы қала әкімінің алғыс хаты арқылы беріліп, облыс әкімі мен Жаңаөзен қаласы басшысының дипломдары мен алғыс хаттарына әр жылдары, өткен жылға дейін ие болып келе жатыр.
Бүгінде басылымның 28 саны жарыққа шыққан екен. Журналдың мақсаты – қала жетістіктерін көрсету, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жастарды насихаттау, еңбек ардагерлерін, білім, медицина және басқа салалардағы жұмыстарды жарыққа шығару. Жасыратыны жоқ, қазір тындырылып жатқан небір жақсы істерді көрмей, тырнақ астынан кір іздеп, сәл қия басқанды әлеуметтік желі арқылы «сүйіншілей» жариялайтындар аз емес. Ал Айнагүл толассыз ақпараттар легін салмақты саралап, оқырманына сапалы дүние ұсынып келеді. Осылайша сіңіріп келе жатқан зор еңбегі орынды бағаланып, 2018 жылы Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығының жұмысы мен қала жетістіктерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, жастар саясатына қосқан үлесі үшін «Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы» директорының алғыс хатымен, Жаңаөзен қаласының 50 жылдығы құрметіне қаланың дамуы мен қалыптасуына, насихаттау және баспасөз, байланыс салаларына қосқан үлесі үшін «Жаңаөзен қаласына 50 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ал өткен мерекелі жылы кеудесіне «Теңге ауылына – 55 жыл», «Қызылсай ауылына – 60 жыл» мерекелік медальдарын тағып, Жаңаөзен қаласының «Өзенмұнайгаз» АҚ ақпараттық кеңістігін дамытуға қосқан жеке үлесі мен шығармашылық жетістіктері үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының алғыс хаттарымен марапатталды.
Өзіндік бет-бейнесі қалыптасып қалған «Жаңаөзен жұлдызындағы» «Денсаулық – зор байлық», «Дәрігер», «Мұнайшы», «Өнер», «Өнерпаз», «Үздік маман» сынды тұрақты айдарлары аясында небір тұшымды дүниелерді кездестіресіз. Түрлі-түсі, сыртының әсемдігінің өзі көз жауын алатын, 38 беттік, сапалы қағаздардан жасалған журнал Алматыдағы баспадан шығады. Басылымын осы Маңғыстаудан шығару үшін шарқ ұрып, сапалы да қолжетімді баспахана іздеген-ді кезінде. Алайда жергілікті баспаханалар сұраған бағаны көтере алмайтындықтан сонау Алматыны таңдады. Ай сайын журнал басылып келген кезде редактор әрі журналист Айнагүл журналды тарататын пошташы рөліне де еніп кетеді.
Шыны керек, бүгінгі таңда электроникаға көшкен жұрт газет-журналға бәлендей назар аудармайды. Тіпті, оқымайтындары да бар. Ғаламтордан қажетті-қажетсіз түрлі жаңалықтарды оқып-көріп алады, болды. көпшілігінің рухани дүниелермен байланысы жоқтың қасы. Ал кітап пен газет-журнал оқып өскендер мен интернеттегі жеңіл-желпі ақпаратпен ауызданғандардың арасы жер мен көктей. Айнагүлдің қымбат тұратын журналды мойнына алғандағы бір ойлағаны да сол, көз тартатын әдемі журналға сөз маржанын тізіп, мұнайшы жастарды баспа өнімдерін оқуға баулу еді. Онысы көптің көңілінен шықты да.
«Мұнайлы қаланың баспасөзінде өзіндік биігін қалыптастырып үлгерген «Жаңаөзен жұлдызы» журналының алғашқы саны жарық көргеннен-ақ оқырман жүрегіне жол тапты деп ойлаймын. Әр санының мазмұны журнал ұжымын құраған қалам иелерінің қарымы ерекше мол, тынысы кең екендігін байқатады. Оларды мұндай биік деңгейге көтеретін кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі, елжандылығы деп білемін. Осы күнге дейін қаламызда «Жаңаөзен» және «Жаңаөзен жаршысы» газеттері ғана бар еді, бір жыл бұрын ақпарат айдынына «Жаңаөзен жұлдызы» журналы келіп қосылды. Қазіргідей ақпараттың дамыған нарық заманында журнал қала тұрғындары үшін, әсіресе жастар үшін рухани жан-дүниесін дамыту үшін журнал ауадай қажет. Ашылғанына бір жыл толған журналдың әр саны қызықты материалдарға толы. Айшықты айдарларымен берілген мазмұны мәнді шығармаларды оқу орындарында тәрбие жүйесіне жан-жақты пайдалануға әбден болады. Журналдың көркемдігі, безендірілуі, тілі оқырмандардың ойынан шығып, басылымның бағасын арттырып тұр.
Алдағы уақытта да оқырмандардың рухани дүниесін байытып, қаламдарыңыз мұқалмасын, ойларыңыз таусылмасын. «Жаңаөзен жұлдызы» журналының ғұмыры ұзақ, оқырманы көп болсын! Осы журналды шығарушы қыз-жігіттерге алғыс айтып, қаламдарыңызға қанат бітсін деп тілеймін. Ойлы жас оқып, бой түзер қоғамның айнасы бола беріңіздер!» деді «Жаңаөзен» газетінің жауапты хатшысы Гүлсім Мұрынова.
Ал «Өзен» газетінің редакторы Бибігүл Бөбекбай журналдың жарыққа шығуына 1 жыл толуына орай былай деген екен: «Бұл жасқа журнал еңбектеп емес, еңбектеніп жетті. Бұқараны жаулап алу – өз фильмін жұртшылыққа ұсынып отырған актерге де, әнін тыңдатқысы келетін әншіге де, журналын оқытқысы келген редакторға да қажет. Қазақтың классик жазушысы Асқар Сүлейменов: «Өмірден не аларыңды емес, соңыңда не қалдырарыңды ойла» – депті. «Жаңаөзен жұлдызы» журналының редакторы Айнагүл Едігеқызы – өмірде не қалдырарын ойлап жүрген жан. Қолына қалам ұстаған азаматтардың жүгі қашанда ауыр. Журналист – ойдың адамы. Адамның ойы тоқыраған кезде, жазу да тоқырайды. Ендеше, әріптесімізге ой тоқырамасын деген тілек айтамын».
Жақсыны да, жаманды да көре біліп, әділетсіздікке жаны төзбейтін Айнагүл тек жағымды жайттарды ғана жариялап, келеңсіздіктерге көз жұма қарады десек, жалған сөйлеген болар едік. Оның қаламынан қоғамда орын алған олқылықтар да тыс қалған жоқ. Мақалалары көптеген байқауларда топ жарып, тиісті бағасын алып та келеді. 2008 жылы Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» облыстық байқауында ІІ орын алғаны үшін Маңғыстау облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының арнайы дипломын иеленді. Ал 2011 жылы «Мұқалмас қалам» аталымы бойынша Маңғыстау облысы әкімінің дипломымен марапатталды. Сондай-ақ 2017 жылы Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Шаңырақ» шығармашылық конкурсы аясында Маңғыстау облысы бойынша этносаралық бірлік пен татулықты насихаттауға қосқан үлесі үшін Маңғыстау облысы әкімі орынбасарының Алғыс хатын алуы Айнагүл үшін өте маңызды болды. Журналист келіншектің өнегелі де, берекелі шаңырағы Күшікбаевтар әулетінің мерейін асқақтатып, 2017 жылы «Отбасы» аталымы бойынша марапатталады. Осыдан-ақ Айнагүлдің жанұя шамшырағы, бір ошақтың тәлімді тәрбиешісі екендігі де көрініп тұрған жоқ па?
Негізі ұстаз болғасын, ол мектептен де, балалардан да мүлдем қол үзіп кете алмады. Қал-қадерінше мектептерге қамқорлығын жасап та жүр. Бұған №3 орта және №16 бастауыш мектеп директорларының «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына белсене қатысып, мүжәлсіз отбасы балаларына көмектескені үшін табыстаған Алғыс хаттары, Жаңаөзен қаласы оқушылар шығармашылық үйінің 40 жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталуы дәлел десе де болады. Ал өткен жылы «Рухани жаңғыру» аясында «Жыл адамы – 2019» конкурсында «Жылдың үздік журналисі» атанды. Бұл – екі журналистің біріне бұйыра бермейтін зор сыйлық-ты.
Ал биылғы карантин кезінде ол өзінің ұстазы, №18 мектептің директоры Қожа-Ахмет Дүйсенбаевпен бірігіп, туған жер туралы сыр шерткен «Белегім жүрегімде» атты кітап шығарды.
– Бала кезімнен жүрегімнің түкпірінде жатқан журналист мамандығына соңғы жылдары шындап зер сала бастадым, – дейді Айнагүл Едігеқызы. – Қоғамдағы барлық мәселелерді талқылап, халықтың құлағы һәм тілі бола білетін журналистиканы жан-дүниеммен қалап, осы жолда барынша тер төгудемін. Маған журналистика халықтың пікірі мен санасына әсер етіп, ойын өзгерте алатындығымен, бір орында тұралап қалмай, үнемі ізденісте жүру қажеттігі, жан-жақтылығы қатты ұнайды. Осы жолда көптеген қиындықтар кезікті. Шүкір, жеңіспен келемін. Кәсіби мереке қарсаңында әріптесімізге өмірдің сан сынынан сүрінбей, «тұңғышыңды» түлетіп, оқырмандарыңның жанын жадырата бер деп тілейік.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА