Мұнайлы ауданындағы «Миғраж» мешіті ауласында салынған тұрғын үйдің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мешіт қызметкерлеріне арналған төрт қабатты тұрғын үй қарапайым халықтың, жеке кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтардың қаржысына салынды. Жалпы құны - 46 млн теңге.
«Тұрғын үй 8 отбасыға арналған. Барлық стандартқа сай жабдықталған, суы, жылуы, жуынатын бөлмесі бар. Әр пәтердің көлемі - 54 шаршы метр», - дейді «Миғраж» мешітінің бас имамы Руслан Баймұқанов.
Бас мүфти пәтер кілтін алған қызметкерлерді құттықтады.
Сонымен қатар аудандық мешіттің жағдайымен және қайырымдылыққа атсалысып жүрген «Үммет» жастар тобының жұмысымен танысты. Салтанатты шара барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Мұнайлы ауданының тұрғыны, 200 елдің астанасын бір айда жаттаған алты жасар Жігер Берікбайұлын арнайы марапаттап, сый-сияпатын табыстады.
Бас мүфти іс сапары барысында заманауи стандартқа сай салынып жатқан спорт кешеннің жұмысымен танысып шықты. Бүгінде спорт кешеннің 80 пайызы аяқталып тұр. Спорт кешенде футбол, баскетбол, волейбол және 150 орындық көрермен залы бар. Демеушілердің қаржысына бой көтеріп жатқан кешеннің жалпы құны - 50 млн теңге.
Айта кетейік, Мұнайлы аудандық «Миғраж» мешіті 2016 жылы ел игілігіне берілген болатын. Қазіргі таңда мешітке келетіндердің қатары көбейген. Мешіттің бас имамы Руслан Баймұқановтың айтуынша, жұма намаз оқуға 1000-нан аса тұрғын келеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Сурет автордан