4 мамырдан бастап Ақтау қаласындағы №1 Ақтау ХҚКО мен Мамандандырылған ХҚКО өз жұмысын жаңа форматта бастады.
Алғашқы жұмыс күні 500-ге жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың 70%-дан астамы алдын ала брондау арқылы қамтамасыз етілген. Қалғандары сол жерде бронь жасаған немесе операторлардың босауын күткен.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коронавирус пандемиясы қауіпінің сақталуына байланысты мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа форматын ұсынды, оған сәйкес азаматтар ХҚО-дан тек «қағаз жүзіндегі» қызметтер мен онлайн түрде рәсімделген қызметтердің нәтижелерін ала алады.
Бұл ретте қызметтерді тек алдын ала жасалған брондау арқылы алуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталығына кезек уақытын egov.kz порталы немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы белгілеуге болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры Ербол Байжігіттің айтуынша, карантин режімінде ХҚКО ашылуын халықтың күткені байқалды. Кешегі күннің өзінде ақтаулық тұрғындардың 95-і жеке куәлігі мен паспортын жаңартты. 44 тұрғын жүргізуші куәлігін алды. Бұл операциялардың барлығы алдын ала брондау бойынша жүзеге асырылды», - деді Ербол Байжігіт
Ол, сондай-ақ кезекке тапсырыс берген клиенттердің қатаң түрде белгіленген уақыт аралығында келу керектігін айтты, себебі бронь уақыты өтіп кетсе, қайта брондау рәсімін жасау керек. Сонымен қатар бронь барысында тіркелген ЖСН иесі ғана электронды кезекті пайдалана алады.
Естеріңізге сала кетейік, 4 мамырдан бастап төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі штабтардың шешімімен бірқатар аймақта халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды.
Атап айтқанда, Қарағанды, Ақтау және Орал қалаларында жеке тұлғаларға қызмет көрсету үшін алдын ала брондау арқылы ХҚО-лар ашылды, ал Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында ХҚО-лар шағын және орта бизнеске қызмет көрсету үшін ашылды.