Маңғыстаулық дәрігерлер ішкі ұйқы артериясының аневризмасы бар науқас әйелге ота жасады. Мұндай дертке дәрігерлер алғаш рет ота жасаған. Ота сәтті аяқталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1964 жылы туған науқас ақпан айында өзін жайсыз сезінген, көзінің көру қабілеті нашарлап, басы бірнеше рет ауырған. Содан соң сәуір айының басында дәрігерлік көмекке жүгінген. Магнитті-резонансты топографиядан өтіп, диагнозы қойылған болатын.
«Тәжірибемізде 2,5 см көлемінде алып аневризманы алғаш рет кездестірдік. Уақытында қаралмаған жағдайда науқастың инсульт алуы мүмкін еді. Аневризма сезімтал көру жүйкесін қысып тастаған, бұл өз кезегінде мидың басқа да бөліктеріне зиянын тигізеді. Нәтижесінде көздің көруі нашарлай түскен. Егер осылай жалғаса берсе бұл мидағы қан тамырлары жарылып, мүгедектікке әкеліп соғуы мүмкін еді. Бас сүйекті ашу қажеттілігі жоқ деп шешкен болатынбыз, себебі бұл өте қауіпті. Ойлана келе эндоваскулярлы ота жасау қажет деген тоқтамға келдік», - дейді нейрохирург Думан Мырзабеков.
Дәрігердің айтуынша, ота жасау 4,5 сағатқа созылған. Қазір науқастың жағдайы жақсы, үйіне қайтаруды жоспарлап отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА