2005 жылы құрылған «Өзенжылу» мекемесі қаламыздағы жылуды өндіру, тасымалдау және тарату қызметтерімен айналысады. 237 маман қызмет ақтқарып жатқан мекеменің негізгі өнімдері ыстық су мен жылу тарифтері монополияға қарсы агенттікпен қадағаланып отыр. Мекеменің жылу маусымына дайындығын білу мақсатында басшылығына бірнеше сұрақ жолдаған болатынбыз.
- Сұхбатымызды «Өзенжылу» мекемесінің ағымдағы жылу маусымына дайындығынан бастасақ... - 2016-2017 жылу беру науқанына мекемемізге тиісті нысандар толығымен дайын. Мекеменің жылу және бу қазандықтарының қазіргі жағдайы ойдағыдай. 4 үлкен көлемдегі және 33 шағын - барлығы 37 жылу қазандығымыз бар. 33 шағын қазандықтар мемлекеттік мекемелерге, атап айтқанда мектептер, балабақшалар секілді тиісті орындар маңында орнатылған. Ауа-райының күрт құбылып, күннің салқындауына байланысты кейбір әлеуметтік нысандар өздерінің сұраныстарын беріп үлгерді. 30 қыркүйектен бастап Жаңаөзен қалалық туберкулез ауруханасына, 3 қазаннан бастап қалалық перзентхаға, «Мереке» және «Нұршуақ» балабақшаларына жылу берілді. Мемлекеттік мекемелер тарапынан басқа да сұраныстар түскен жағдайда мезгілінен бұрын жылу беруге қазандықтарымыз 100% дайын. Бу қазандықтарының беріктігін қысыммен тексеру жұмыстары аяқталды.
- Жыл сайын қаламызда жылу 15 қазаннан бастап берілетіні белгілі. Жылу беру маусымының сәтті басталуы үшін алдын-ала белгілі бір шаралар атқарылады ма? - Биылғы маусымды уақытынан бұрын бастамақ ойымыз бар. 10 қазан ыстық су желісі ашылып, үй жылытқыш батареялар бойына су жүгіртіп, сораптарды қосамыз. Батареялардың жағдайы ойдағыдай болып жатса, 12-13 қазаннан бастап қазандықтарды жағып, температура береміз. 15 қазаннан бастап жылыту жүйесі толықтай іске қосылады. Межеленген уақытта дер кезінде жылу беру мақсатында осындай алдын-алу шараларын жасап отырған жайымыз бар. Қазандықтар сумен толтырып, іске қосуға дайын. Ай сайын тексеріліп тұратын су мөлшері тиісті кесте бойынша қадағаланады. Қала бойынша біздің мекемеге қатысты 192 шақырым жылу жүйесі бар. Жылу қазандықтарынан бастау алған торап барлық шағынауданды қамтиды, шекті шекара тұрғын үйлердегі тоспаға дейін.
- Ал, мекемеде қызметкерлерінің жылу қазандықтары маңында жұмыс істеу барысындағы қауіпсіздік шаралары қалай қадағаланады? - Әрбір нысанда қызмет атқаратын жұмысшылардың техника қауіпсіздігімен таныс болуы міндетті. Сол сияқты біздің мекемеде әрбір жылу беру маусымы алдында жұмысшылардың білімін тексеріп, рұқсат құжатын береміз. Сондай-ақ олар арнаулы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілген. Мекеме өрт дабылқаққыштары, газдың шығып кетуін тексеруші сынды қауіпсіздік сақтау құралдармен жабдықталған.
- Мекеме қызметін нәтижелі болуы, жұмыстарыңыздың жеңілдеуі мақсатында жаңа техникамен жабдықтау жоспарыңызда бар ма? - Осы мақсатты жаңадан бу қазандықтары Ресейдің Алтай өлкесі, Бийск қаласынан арнайы тапсырыспен әкелінді. Толық монтаж жұмыстары біткен, ендігі кезекте сыртқы баптау жұмыстарын Бийск қаласындағы жылу беру зауытының арнайы мамандары жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, мекемемізге «Сименс» фирмасының өнімі - ток өндіретін 3 турбина алынды. Германиядан біліктілігін арттырып келген 9 маман Степногорск қаласынан шақыртылып, турбинаны орналастыру жұмыстарымен айналысып жатыр. Мамандар бұл жұмыс ағымдағы жылдың желтоқсан айында бітеді деп жоспарлап отыр. Турбинаны орнату сәтті аяқталысымен ресейлік мамандар германиялық әріптестерін шақыртып, турбинаны іске қосуға арнайы сараптамадан өткізбек. Келер жылдан бастап турбинада өндірілетін ток мекемеміздің өзін-өзі токпен қамтамасыз етуіне жол ашады. Бірінші турбинадағы ток осы мақсатта жұмсалса,екінші турбина қорда сақталады. Ал үшінші турбина өндірітен токты сыртқа сатуға шығарсақ па деген жоспарымыз бар.
- Қаламыздағы жер асты жылу құбырларының жағдай қалай? Олар қандай да бір жөндеу жұмыстарын қажет етеді ме? - 2009-2012 жылдары кешенді жоспар бойынша қаланың сыртқы жылу жүйелері толығымен ауыстырылды. Жаңа технологиямен құбырларды оқшаулау жұмыстары жүргізілген болатын. Биылғы маусымға дайындық барысында 3 орыннан істен шыққан құбыр жапқыштар ауыстырылды. Жыл басында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесе қысқа дайындық жоспарын бекітіп, сол бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, құбырлардың қысымы тексерілді, істен шыққан тоспалар ауыстырылды және жылу қазандықтарының ішіндегі сораптар толық тексерістен өткізілді.
- «Өзенжылу» қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды жоспарладыңыз ба? - «Жұмыспен қамту 2020» - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мемлекеттік бағдарлама. Бағдарламаның мақсаты - жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру. Мемлекет басшысы өзінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек нарығының тиімділігін арттыру, табысы аз адамдарды, жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен айналысушыларды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесудің белсенді бағдарламаларына тарту міндеттерін жүктегені белгілі. Осы бағдарлама аясында «Өзенжылу» мекемесінің мамандары 6 ай бойы оқыды. Олар Ақтау қаласындағы арнайы орталықта 30 күн теорияны меңгеріп келіп, Жаңаөзенде өндірістік тәжірибеден өткізілді. Мекемеде «Электр және жылу өндіру» орталығының іске қосылуына байланысты маусымдық жұмыс жасайтын жылу берушілердің біліктіліктерін арттырып, қатардағы мамандарды қайта даярлаудан өтті. Қызметкерлер шағын қазандық операторы, бақылаушы машинист, тоқ жөндеуші сынды 3 мамандық бойынша білім алып келді.
- Жылу беру жұмыстарын бастау барысында тұрғындар тарапынан не күтесіздер? - Өткен маусымда біздің қызметкерлердің тәжірибесінде тұрғындардың жылу маусымына дайын болмауы жиі кездесті. Тұрғындар үйлерінде жылу батареяларының жағдайын 10-қазанға дейін реттесе, су желісі ашылғанда жайсыздықтар туындамайды. Сондықтан бізбен қатар әр тұрғын өз үйінің жылытқыш батареяларының жағдайын қадағаласа жөн болар еді.
- Бұл туралы тұрғындарға хабарландыру мәселесі қалай болмақ? - Осы мәселе бойынша ассоциацияларға, пәтер иелерінің кооперативтеріне хат жіберіліп, ескерту жасалуда. Олар әрі қарай тұрғын үйлерге хабарландыру қағаздарын іліп, алдын-ала жылу маусымына дайындық шараларын жүргізуде. Тағы бір айта кететін жәйт, біздің қызметіміздің нәтижелі болуына тұрғындар да өз үлесін қосса деген ойымыз бар. Ыстық су мен жылу қызметінің тарифтеріне сай төлемдерді әрбір тұрғын уақытылы төлеп тұрса, мекеменің де қызмет сапасы арта түспек.
- Сұхбатыңызға рақмет, істеріңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Әсел ҚОЙШЫБАЕВА