Қоғамды салауатты ұстау үш нәрсе арқылы жүзеге асады: әлеуметтік-экономикалық даму, қоршаған ортаны таза ұстау арқылы ауруға қарсы күрес адамның қартаймауы үшін молекулярлық-гендік деңгейдегі медициналық күрес, ең негізгісі – адамның өз денсаулығына ұқыптылықпен қарауы. Қаламыздағы денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайы мен жаңалықтарын білу мақсатында Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары – Сәнім Жәниқызы Танаевамен сұхбаттасқан болатынбыз. Ол қалалық перзентхана ғимаратында арнайы ашылған бөлімшеде осы қызмет бабы бойынша 1 шілдеден бастап жұмысқа кіріскен.
- Осы қызметке келгелі сіздің басшылығыңызбен қандай іс-шаралар атқарылды? Қаламыздағы емханалардың жағдайына тоқталсаңыз? - Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласы бойынша жеті мемлекеттік медициналық мекеме бар. Олардың барлығы да облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайды. 15 шілдеден бастап «3а» ықшам ауданындағы емхананың күрделі жөндеу жұмыстарын бастаған болатынбыз. Күрделі жөндеу арқылы қала тұрғындарының саны күн санап өсуіне, әр түрлі аурулардың кездесуіне байланысты және алғашқы медициналық санитариялық көмекті дамыту мақсатында №3 қалалық емхана ағымдағы жылдың қараша айында іске қосылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда «Заман-Ақтау» мекемесімен шартқа отырып, күрделі жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда қала бойынша екі емхана жұмыс жасауда, ал №3 емхана пайдалануға берілгеннен кейін біз халық санын үшке бөлеміз. Осы арқылы медициналық қызметкерлердің қызметінің сапасын арттыруды, емханалардағы кезекті азайтуды және халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуді дамытуды көздеп отырмыз. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде «Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік жоспары бекітілген болатын. Бұл бағдарламаның жеті бағыты бар. Оның негізгісі - санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру жұмыстарын қолға алуымыз қажет. Елбасының тапсырмасын орындау және сапалы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін жетілдірілген жаңа емхананы іске қосамыз.
- Жаңа емханадан бөлек қала ауруханаларында қандай өзгерістер, жаңалықтар бар? - Қазан айында 190 орындық орталық аурухананың гинекология бөлімшесін қалалық перзентханаға көшіру жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінен инсульттік орталық ашылып, компьютерлік томографтар орнатылады. Инсульттік орталықта қан қысымы көтерілген науқастарға жедел көмек көрсетіліп, оларды оңалту жұмыстары жүргізіледі. Бұл шара денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту Жол картасы бойынша жүзеге асырылады.
- Ал бүгінгі күннің өзекті мәселесі ана мен бала жағдайын жақсартуға, сәби өлімінің азаюына байланысты іс-шаралар ж-н3нде айта кетсеңіз? - Қазіргі таңда балалар өлімі республикалық көрсеткіші 8,9‰ құраса, қаламыздағы бұл деңгей 7,1‰ –мен салыстырмалы түрде төмен нәтижені көрсетіп отыр. Ана мен бала өлім-жітімін төмендету мәселесі апта сайынғы дәрігерлер жиналысында талқыланып, оның алдын-алу шараларын ұйымдастыру жүктеледі. Болашақ аналарды 12 апталық мерзімге дейін кезекке алып, туа біткен кемістіктердің пайда болуының алдын алуымыз қажет. Емханалар өздерінің диспансерлік есептерін жүргізу барысында қандай да бір ауытқулар пайда болған жағдайда консилиум құрылып, облыстық денсаулық сақтау ұйымдарындағы штаттан тыс дәрігерлермен бірлесіп аяғы ауыр әйелді қатаң бақылауға аламыз. Жүкті әйелдің басында бұрын соңды өлі босану секілді жағдайлар болса облыстық периниталдық орталықта босандырамыз.
- Қала көлемімен шектелмей, облыстық мамандармен қойын-қолтық қызмет атқарып жатқандарыңыз қуанышты жағдай. Осымен шектелмей, шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасу өтті ме? Ақ халаттылардың біліктілігін арттыру шараларды жүргізілді ме? - Мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында тамыз айында Юнисеф – Біріккен ұлттар ұйымының балаларды қорғау қорының қолдауымен Украина қаласынан мамандар шақырылды. Олар гинеколог және неонатолог дәрігерлер арасында оқыту семинар тренингтерді өткізді. Сонымен қатар облыс бойынша жағдайы нашар жаңа туылған сәбилерді қарап, кеңестерімен бөлісті. Қазіргі таңда шетелдік дәрігерлермен екі жақты байланыс үзілмей келе жатыр. Қыркүйек айында Астанадан арнайы мамандарды шақырып, дәрігерлердің күнделікті қызметі барысында арнайы уақыт белгіленіп оқытып, сертификат тапсырылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ кардиологтардың біліктілігін арттыру мақсатында Астана қаласынан Ұлттық кардиохирургиялық орталықтан арнайы маман шақыртып, тәжірибелерімен бөлісті. Тұрғындарды арнайы медициналық тексерістен өткізіп, ота жасау қажет деп тапқан науқастарды денсаулық сақтау министрлігінің арнайы порталына енгізді.
- «Жедел-жәрдем» қызметін жетілдіру мақсатында қандай іс-шаралар жүргізілді? Қала тұрғындары арасында онкологиялық ауруға шалдыққандар жиі кездеседі ме? - «Жедел-жәрдем» медициналық мекемесінен жан сақтау бригадасы - реаниматологиялық орталық ашылды. Сонымен қатар кардиологиялық бригада ашып, мамандар кадрын жасақтап, өз есебімізден оқыттық. Қазіргі таңда «Жедел-жәрдемде» 12 бригада үздіксіз қызмет атқаруда. Халық санының қарқынды өсуіне байланысты қосымша көліктерді, ЭКГ-аппараттарын облыстық денсаулық сақтау басқармасынан сұратып отырмыз. Ал, қатерлі ісік ауруына қаламызда көбінесе орта және егде жастағы тұрғындар шалдығады. Науқастар аурудың асқынған сәтінде ғана емханаларға келіп жатады. Асқынуларға және олардың артынша пайда болатын, тіпті кісі өліміне апаратын жағдайлар тумас үшін қалалық емханалардағы онколог дәрігерлерге уақытылы қаралып отыру қажет. Онколог дәрігерлер диагноз тағайындаған жағдайда облыстық онкологиялық диспансерге жедел түрде жібереміз. - Ерлер арасындағы бедеулік мәселесі белең алып тұрғаны жасырын емес. Оларға қандай кеңес берер едіңіз? - Ерлер арасындағы бедеулік жыныстық жолмен берілетін аурулардың нәтижесінде қабынудан, эяукуляторлық бұзылулардан, эндокриндік бұзылуынан және тағы да басқа көптеген себептерден болуы мүмкін. Бедеуліктің алдын-алу үшін спортпен шұғылдану, көп қимылдау және ең бастысы уақытылы дұрыс тамақтануды ұмытпаған жөн. Ал бедеулік мәселесі туындаған жағдайда ол жағдай мүлдем нашарлап кетпеу үшін жедел түрде мамандарға қаралғаны жөн. Дәрігерлердің алдындағы негізгі қызмет – жаңаөзендіктердің денінің саулығы. Біз осы бағытта біліктілік пен күш жігерімізді аямай еңбек етеміз.
-Сұхбатыңызға рахмет!
сұхбаттасқан Әсел ҚОЙШЫБАЕВА