26 сәуір күні Сайын Шапағатов елді мекенінде 13 жастағы Әмірхан Дархан 4 бауырын өрттен аман алып қалған. Бүгінгі күннің батырына айналған Дархан ініміздің көзсіз ерлігіне ел сүйсінді. Ал төтеншеліктер мен ресми орган өкілдері "мұндай батыр ұлды тәрбиелеген әкесіне мың алғыс" деп жатыр. Бүгін Дарханның ерлігін мадақтауға "Нұр Отан" партиясы, МО Төтенше жағдай департаменті, депутаттар, өзге де қоғамдық ұйым өкілдері жиналды. Ал Дархан өзі жасаған әрекетті ерлік деп санамаймын деп ашып айтты. 13 жастағы баланың сабырлы, әрі ұстамды қалпына таңданысымызды жасыра алмадық. Үйінің үлкені Дарханның артынан ерген 1 інісі, 3 қарындасы бар екен. 7-сыныпты тәмәмдаған ол өрттің болатынын алдын ала сезгендеймін дейді. Сол күні әкесі көлік жөндеп жұмысынан кешігіп қалады, анасы да түнгі мезгілдегі мемлекеттік қызметте тәрбиеші қызметте болған екен. «Түс көріп жатыр екем. Үйдің бұрышында өрт болып жатыр, мен сол отқа су шашып жанталасып жатырмын... Кенет оянып кеттім, қарасам үйде көк-түтін, екі кішкене қарындасымды көтеріп, інім мен үлкен қарындасымды жетектеп көрші үйге қарай жүгірдім. Өрттің қарқыны жаман екен, алаулап барады. Көрші ата мен хабар берген соң үйге кірейін деп еді. Бірақ лап еткен жалыннан оған дәрмен болған жоқ. Біз 1-лерден кете өрт сөндіру қызметін шақырдық. Бірақ олар келем дегенше, 5 бөлмелі үйдің бәрі де жанып кетті, - дейді Дархан. https://www.youtube.com/watch?v=q7ZoScFXC5E&feature=youtu.be
- Қазір Сайын Шапағатов ауылында, таныстарымыздың жанында тұрып жатырмыз. Үй толық жанып кеткендіктен, ауыл шетінен сарай жалдадық. Алда үлкен сынақ күтіп тұр. Өртенген үйдің орнына қайта жаңа баспана тұрғызуымыз керек. Қалалық және ауылдық әкімдіктен көмектер беріліп жатыр. Тегін ағаштар мен цемент, құрылыс жабдықтарын әкеліп жатқандар бар. Оларға Алла разы болсын, - деді Дарханның әкесі.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басшысы Нұри Тумышевтың «Өрт кезінде қорықтың ба?» деген сауалына Дархан:
«Қорықтым, бірақ сасқан жоқпын!» - деп жауап берді. Кездесу соңында депутат Қуаныш Есетов Дархандай батыр азаматқа велосипед сыйлады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Әмірхан Дарханға «Төтенше жағдайларды алдын алу мақсатында қосқан үлесі үшін» деп аталатын сыйлыққа ұсыныс бергенін айтты. Облыстық мәслихат депутаты Дербесов Аққалы болатовтар отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Төтенше жағдайлар департаменті балаға құлаққап сыйласа, «Нұр отан» партиясы 3D көзілдірік сыйға тартты.
Қысқа тұйықталу салдарынан өрт туындаған. Өрт болған үй қаладан 30 шақырым қашықтықта жатқандықтан, түнгі 01:12 сағат ішінде келіп түскен қоңыраудан кейін, 01:42 шамасында өрт сөндіру қызметі апатты аймаққа жетеді. Тұтанған өртті арнайы төтеншеліктер 1 сағат ішінде сөндіреді.
Бір қызығы, үй толық өртенгенімен, дәлізде тұрған Құран кітабы отқа оранбаған. Ал Дарханның анасы әдейі балалардың құжатын сол құранның ортасына сақтап қойған екен.
Әкесі Болатов Бақытжан тұңғышынан зор үміт күтеді. Әмірхан Дархан облыстық, аудандық сайыстарға барып, домбырамен терме айтып жүр. "Балаларымның дін аман қалуы, әуелі Алланың, кейін осы Дарханның арқасы" деп қысқа қайырды Бақытжан.
Үйі толық жанып кеткен Болатовтар әулеті қандай да бір материалдық көмекке мұқтаж. Бес баласы бар Бақытжан қазір сарай жалдауға мәжбүр. Ораза айында көмек қолын созам деушілер болса, Дарханның әкесі Бақытжанға хабарласуыңыз сұралады. +7(747)592 64 06
Айгүл ДӘДЕН Бейнежазбаны түсірген автор