Тағы да білім саласында өзгеріс... Бұдан былай 5 жастағы бала 1-сыныпқа қабылдана алады. Осыған дейін бала 1-сыныпқа бару үшін қыркүйекке дейін 6-ға толып үлгеруі тиіс болатын. Ал биыл мектеп табылдырығын аттайтын бүлдіршін 6-ға желтоқсанға дейін толса бола береді екен. Бұл жаңалық баланы мектепке қай жастан беру керек деген сауалды тудырып отыр. Ата-ана болсаңыз, қайтер едіңіз? Бірінші сыныпты 5 жастан бастаған жөн бе, әлде 1 жыл күте тұрған дұрыс па? Бастауыш мектеп мұғалімі Дина Жиенғалиева балалар үшін жаңартылған білім бағдарлама қиынға соғатынын айтады: «1-сыныпқа 6 жасқа жеткен, яғни қыркүйекке дейін 6-ға толған балаларды қабылдаған жақсы. Себебі жаңа бағдарламада үш тілдік оқытылады, ал 6 жасқа енді келетін балаға ол қиын. Бала шаршайды. Кейбір бала жасы жетпесе де, оқуды тез қабылдайды. Меніңше, оқуға қабылдамас бұрын, баланың деңгейіне қарау керек. Жаңартылған білім бағдарламасын 5 жасар бала түгілі, мұғалімдер енді-енді түсініп келеді», - дейді ол. Ал ата-ана Айдана Өмірсінова жаңа заңның шыққанына қуанып отыр. «Балам өз қатарластарымен бірге оқитын болды» дейді ол. Айдананың айтуынша, бала сол жылы бәрібір 6-ға толатын болса, 1 жыл бойы күтіп отырудың қажеті шамалы. Өйткені, 1 жыл күту тым ұзақ. «Фейсбук» қолданушысы Аятжан Ахметжан бұл заңға түбегейлі қарсы екенін жазады: «Баланы кемінде 6 жастан 6 ай аспай беруге болмайды. Баланың кішкене кезінде білінбеуі мүмікін, бірақ баланың ерте миы қатайып, 40-қа жетпей кәрілік белгі беру секілді құбылыстар болуы мүмкін. Ғылымда 6 жасқа дейін тек ойын түрлері қарастырылған, қолына қалам алса тек сурет салуға кеңес береді. Бірақ өкінішке орай, біздікілер 6 жастағы балаға 6 тіл үйреткісі келеді». Өзге де қолданушылардың пікірі төмендегідей: Болат Сыздық: Физиологиялық дамуы тұрмысына, климатқа, геніне де байланысты, ол интелектуалдық дамуына әсер етеді. Сүйегі әлі қатаймаған, ойыны қанбаған, ми қатпарлары дамымаған баланы ағаш таққа байлау, дәреже-деңгейі жеткілікті емес кәрі-жасты мұғалім-тәрбиешілерге тапсыру обал болады-ау. Анаргүл Құрмашева: Баланы 6 жастан мектепке беру дұрыс емес. Бұл жастағы балада оқу мотивациясынан қарағанда ойын мотивациясы басымырақ болады. Бала əлі психологиялық тұрғыда дайын болмайды білім алуға. Содан барып көп жағдайда мектеп дезадаптациясы болып жатады. Баланың психикасы күйзеліске ұшырайды. Айта кетейік, «қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалар ағымдағы жылдан бастап 1 сыныпқа бара алады. Өйткені, балалар күнтізбелік жылдың соңына дейін алты жасқа толып, мектепке қабылдану құқығына ие болады. Білім алушының ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері білім алу үшін кез келген білім беру ұйымын таңдауға құқылы, - деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігі. Білім беру ұйымына қабылдаудан бас тартқан жағдайда, білім алушының ата-аналары немесе басқа заңды өкілдері жергілікті білім басқармаларына шағымдана алады», — деп хабарлайды министрлік. Сондай-ақ, бірінші сыныпқа балаларды қабылдауға қажетті құжаттар тізімінен мекенжай анықтамасы алып тасталды. Құжаттарды қабылдау 1 маусым мен 30 тамыз аралығында жүргізіледі.
Айгүл ДӘДЕН