©
Бүгін редакциямызға Түпқараған ауданы, Сайын Шапағатов елдімекенінің 5-квартал тұрғыны Хиюаз Жұмабекова хабарласты. Ол 27 қыркүйек күні «Фейсбук» әлеуметтік желісінде облыс әкіміне электр тоғы және су мәселесі бойынша үндеу тастаған болатын. Тағы да коммуналдық қызмет - СУ мен ТОҚ мәселесі. Біз Хиюаз Жұмабековамен де, Сайын ауылының әкімдігімен де, жауапты «Коммуналдық қызмет» өкілдерімен де тілдестік.
Электр желісі: әйгілі 2 түбіртек қайдан шықты?
Хиюаз Жұмабековамен хабарласқанымызда, мәселенің тым шиеленісіп кеткенін айтты. Сайын тұрғындары электр желісіне қосылу үшін 2 рет төлемақы төлепті. Оның айтуынша, әзірге 2 рет төлеп, 171 үй жарық қосқан.
– Жер учаскелерінің берілгеніне 10 жыл болса да, биыл ғана электр желісіне қосылдық. Осыған дейін электр желісіне қосылу үшін, томар ағашты өзіміз алып, оны техника жалдап қаздырып және орнықтырып, трансформатордан үйге дейін кабельді жалғап, өз күшімізбен, қаражатымызбен қосылдық. Бұл 2015 жыл еді, сол кезде 13 080 теңге (за подключение) төлемақысы төледік. Енді биыл жаңа электр желісі тартылып, тағы да 16390 теңге (за подключение) төледік. Сонда біз 5-квартал тұрғындары, электр желісіне қосылу үшін 2 рет ақы төлеп отырмыз, - дейді Хиюаз Жұмабекова.
[caption id="attachment_37188" align="aligncenter" width="960"] 5 шілде, 2017. Электр желісін қосу үшін төленген түбіртек[/caption] [caption id="attachment_37189" align="aligncenter" width="960"] 02 қыркүйек, 2015. Электр желісін қосу үшін төленген түбіртек[/caption]Ал «Коммуналдық қызмет» мемлекеттік мекемесінің директоры Әли Қоразов былай дейді:
- 2015 жылы Сайын Шапағатов елдімекенінде үйге дейін электр желісін тарту жұмыстары жүріп жатты. Бірақ халық мұны күтіп отыра алмай, бізге өтініш жасап, уақытша сымдар арқылы, томар ағаш орнатып, өздері тоқ жүргізіп алды. Сөйтіп тұрғындарға уақытша техникалық шарт берілді. Сол уақытта тоқ жүргізу үшін мекемемізден 2 электрик жіберілді, техникалар жөнелтілді. Келісілген баға 13080 теңге төленіп, уақытша электр желісі ауылға қосылды. Ал қазір ауылішілік тоқ жүйесі, яғни жаңа магистральді желі тартылды.
Әли Қоразовтың айтуынша, бұл ретте де «Коммуналдық қызмет» мекемесі электриктер мен техника жіберіп, бұрынғы тоқты алмастыру жұмыстарын істеді. Халық жаңа тоқ желісіне қосылу үшін 16390 теңге төлеп, сапалы әрі тиімді электр желісіне қосылып отыр.
- Хиюаз Жұмабековаға 2-рет шығынның қайдан шығып отырғанын түсіндіріп, егжей-тегжейлі айтылды. Төлемақыға қарсы болып отырған тек бірен-саран адам бар, яғни тұрғындардың 0,5 пайызы ғана. Заң жүзінде бізден ағаттық жоқ, - дейді Ә.Қоразов.
Ауыз сумен қамтуда келіспеушілік көп
Бұдан бөлек, 5-кварталға су тарту да жыр болды дейді Хиюаз Жұмабекова.
– 2015 жылдың қысында «Сайын Шапағатов елдімекеніне 2016 жылдың қазан айында су беріледі» деп ақсақалдардың алдында Түпқараған ауданы әкімі Темірбек Асауов уәде берген болатын. Қазір үй жанынан су келуіне келіп тұр, бірақ әлі күнге дейін 5-кварталдан су қостырған ешкім жоқ. Мамыр айында мен үйіме су тарту үшін село әкімшілігіне барып арыз жаздым. Олар суға қосылуға қажетті барлық материалдың тізімін берді (жобамен 35000 мың теңгеге шығады) және қаздыру (10000 мың теңге), одан бөлек, 15000 тағы суға қосылу үшін төлеу керекпіз. Сонда су тарту үшін әр үйден 60000 теңге шығын шығады, - дейді ол.
[caption id="attachment_37192" align="aligncenter" width="474"] Қажет құралдар тізімі[/caption]Хиюаз Жұмабекованың айтуынша, Ақшұқыр ауылы суға қосылу үшін бар-жоғы 5000 теңге төлеген. «Бір ауданға қарайтын көршілес жатқан 2 ауылда суға қосылу үшін кететін шығын арасы жер мен көктей», - деп қынжылады ол.
– Бұған дейін облыс әкімшілігіне, республикалық «Нұр Отан» партиясына жазбаша түрде хат жазып келемін. Олар аудан әкімшілігіне сілтейді. Аудан мен село әкімшілігі мәселемізді шешпей отыр, бір-бірімен келісіп алғандай. Құрғақ уәдеден шаршадық, - дейді Хиюаз Жұмабекова.
Ал «Коммуналдық қызмет» директоры Әли Қоразовтың нұсқасы мүлде бөлек.
Ол Ақшұқыр мен Сайын ауылының тұрғындарын (тұтынушыларды) су құбырына қосудағы баға айырмасы бұл ауылдардағы су жүйесінің қай бағдарлама бойынша жасалғандығына байланысты туындап отыр деп есептейді.
- Сайын ауылының су жүйесі «Ауыз су» бағдарламасы бойынша жасалған. Ауылішілік су құбыры мен резервуардың жобалық-сметалық құжаттары 2012 жылдың 21 желтоқсанында сараптамадан өтіп, орындауға алынды. Жобалаушы «СтройМонтажСервисПроект» ЖШС. Содан құрылыс жұмысын «МиньЯнгАктау» ЖШС жүргізіп, құбыр 2017 жылдың 3 мамырында Ақшұқырдағы «Коммуналдық қызмет» кәсіпорынына тапсырылды. Бұл бағдарламада елідімекен көшелеріне су құбырлары кіргізілгенімен, әр үйдің ауласына дейін суды тарту мүмкіндіктері (су есептегіш құралдары мен құбырлар, жер қазу) қарастырылмаған. Егер құбырды тарту, есептегіш қою, пломбылау, жоба жасату сияқты барлық жұмыстарды мемлекеттік кәсіпорын атқарар болса, осылай жасап жатқандар да бар, су тартудың барлық шығыны құбырдың үйден қашықтығына байланысты 21 - 45 мың теңге аралығында жасалып жатыр, - дейді ол.
Әли Қоразовтың айтуынша, ауыл тұрғындарының бәрі бірдей бұл төлемақыға қарсы емес, мұнымен келіспей, арызданып отырған тұрғындар 10 пайызы ғана.
- 10 адам болса, оның 1-еуі су тарту шығындарына келіспей отыр. Бүгінгі таңда жоба бойынша бұл елдімекенде тұратын 749 үйді сумен қамтуымыз тиіс болатын, соның 580 үйі сумен қамтылып, толық су алып отыр. Халықтың басым бөлігі аулаға су келгеніне дән риза, - дейді ол.
Сайын ауылішілік су құбырының жобасына тапсырыс бергенде қазіргі кездегі жағдаймен салыстырғанда екі жүзге тарта тұрғын үй болмаған. Олар жобаға енбей қалған. Олар үшін жаңа жоба жасақталуы керек. Жобаға енбей қалған тұрғындар су тартуды сұрап, арыз беріп жүр, бірақ жоба жасалып, магистральдық құбыр тартылғанға дейін олардың кідіре тұруына тура келеді. Оларға су автокөлікпен тасымалдана береді.
Бұл мәселе «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында сәуір айында көтерілген болатын. Анығын білу үшін Сайын Шапағатов ауылдық округінің әкімдігіне хабарластық. Олар 27 қыркүйек күні Хиюаз Жұмабекова есімді тұрғыннан хат келіп түскенін растады. Заң бойынша әкімдік бұл хатқа 15 күн ішінде ресми жауап бере алады.
- Мәселенің мән-жайын анықтап жатырмыз. Біз Хиюаз Жұмабековаға тездетіп жауап беретін боламыз, - дейді әкімдік мамандары.
Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, Сайын Шапағатов елдімекенінің 5-кварталында 800-ден аса жер орны бар. Қазірде 180-ге жуық жерде үйлер салынған, сонда шамамен 180-дей отбасы тұрады.
«Даудың басы Дайрабайды көк сиыры» деген тіркес осындайда айтылса керек. Хиюаз Жұмабекова бастаған бір топ тұрғын өз пікірін әкімдікке жеткізе алмай әлек, ал тиісті органдар тұрғындарға заңды түсіндіре алмай әлек. Әліптің артын бағайық десек, уақыт өтіп барады. Біздің редакция бұл мәселені соңына дейін бақылайтын болады.
Айгүл ДӘДЕН