Тамыз айында өтетін Каспий маңы мемлекеттері Саммиті қарсаңында Маңғыстау облысына Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тойлы Көмеков бастаған делегация келді. Делегация Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановпен кездесті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар Саммитке дайындық мәселесін талқылап, жиынның екі ел арасындағы байланысты одан әрі күшейте түсетінін атап өтті. Кездесу барысында Ералы Тоғжанов алдағы саммит аясында екі ел үшін маңызды үш мәселені: көлік дәлізі, әуе қатынасы және Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы виза мәселесін талқылауды ұсынды.
Түрікменсандық дипломаттар да алдағы саммитте бірнеше құжатқа қол қойылатынын ескере отырып, халықаралық жиынның Каспий жағалауы мемлекеттерінің арасындағы байланысты дамытуға серпін беретінін айтты.
«Түрікменстан президентінің бастамасы бойынша сауда-экономикалық қатынастар мен Каспий маңы елдері арасындағы көліктік ынтымақтастық мәселесі бойынша жобалар талқылауға ұсынылады. Саммитте осы жобалар бойынша нақты шешім қабылданатына сеніміміз мол. Қабылдаушы ел ретінде Қазақстанға осы маңызды шараны жоғары деңгейде өткізуге сәттілік тілеймін», - деді Түрікменстанның Төтенше және өкілетті елшісі Тойлы Көмеков.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ