©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов бүгін Жаңаөзен қаласы активімен кездесті. Облыс басшысы жиында қала халқын өткен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, қалаға тағайындалған жаңа әкім Әділбек Дауылбаевты таныстырды.
Е.Тоғжанов облыстың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін баяндай келіп, алдағы жаңа жоспарлар жөнінде айтты. Жиында сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты Ж.Дәрменов пен Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Б.Нұрбосынов сөз сөйлеп, жаңа әкімнің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Әділбек Құлынтайұлы Дауылбаев 1964 жылы 24 желтоқсанда Маңғыстау облысы Таушық ауылында дүниеге келген. Ұлты қазақ.
1988 жылы Алматы құрылыс техникумын және азаматтық құрылыс мамандығымен, 2004 жылы инженер – құрылысшы біліктілігімен М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітірді.
1982 – 1988 жылдары – техникумында оқыды және Кеңес армиясы қатарында әскерде болды.
1988 – 1989 жылдары – «МаңғыстауНефтеСтрой» трестінде ұста, бақылаушы, шебер қызметінде еңбек етті.
1989 – 1991 жылдары – Маңғыстау ауданының Шетпе кентінде Қызылтұран карьерінің шебері.
1991 – 1993 жылдары – Маңғыстау ауданының Шетпе кентінде Маңғыстау ЖЭУ шебері.
1993 – 2000 жылдары – «Манғыстаумұнайжолдары» ЖШС шебер, прораб қызметін атқарды.
2000 – 2001 жылдары – Жаңаөзен қаласының «Жол Сервис» ЖШС құрылыс участкесінің бастығы.
2001 – 2002 жылдары – Маңғыстау облысының Мемлекеттік сәулет –құрылыс инспекциясы директорының орынбасары.
2002 – 2004 жылдары – Маңғыстау облысы бойынша Сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау аумақтық басқармасының жетекші маманы.
2005 – 2006 жылдары – Маңғыстау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында жетекші маман, бас маман, бөлім бастығы, басқарма бастығының міндетін атқарушы қызметін атқарды.
2006 – 2009 жылдары Маңғыстау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы.
2009–2017 жылдары Қарақия ауданының әкімі. Бүгінгі күннен бастап Жаңаөзен қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.
Жаңаөзен-ақпарат