©
Өткен аптаның жұмасында облыс әкімі Алик Айдарбаев халық алдында жылдық жұмысын қорытындылап, өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуындағы әр салаларда атқарылған істер мен алдағы міндеттерді тарқатты. Жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Серік Аманғалиев, ҚР Премьер-министрі кеңсесінің инспекторы Қалибек Қанат, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, «ҚазМұнайГаз» ҰК вице-президенті Тимур Бимағанбет, қала, аудан әкімдері, аудандардан келген делегаттар, басқарма мен мекеме басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Есеп беру жиынын түбектің тұрғындары облыстық «Қазақстан – Ақтау» телеарнасы арқылы тікелей эфирде тамашалады. Аймақ басшысының баяндамасы тыңдалған соң, жиынға қатысқан облыс тұрғындары залда, сондай-ақ бейнежазба, call-орталық, электронды пошта арқылы сұрақ жолдап, ұсыныс- пікірлерін білдірді.
Облыс әкімі Алик Айдарбаев өткен жылы есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан түскен 200-ге жуық сұрақ, өтініш-ұсыныстардың, сұрақтардың (әлеуметік сала мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жұмыссыздық, ауылдарды көркейту мәселелері) басым көпшілігінің оң шешімін тапқанын айтып өтті. Бейнеу ауданындағы 400 орындық политехникалық колледж, Маңғыстау ауданындағы Ащыбұлақ шағынауданына ауызсу құбырын тарту, Мұнайлыда аудандық орталық аурухана құрылысы бюджеттің мүмкіндігіне қарай алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
–Мұнай секторындағы ахуалға байланысты өнеркәсіп өндірісі 3 пайызға төмендеді. Инвестиция көлемі 15 пайызға азайды.Осыған қарамастан экономиканың өсу көрсеткішінде оң нәтижеге қол жеткізілді. Өңдеу саласындағы өндіру көлемі 10,9 пайызға артып, 132,2 млрд.теңгені құрады. Табиғи газ өндіру көлемі 14 пайызға өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 186,2 млрд.теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 8 млрд.теңгеге артты. Сондай-ақ 708,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауылшаруашылығында 11,6 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Мұнай өндіру өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға төмендеді, – деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуын құрайтын транспорттық логистиканы, туризмді, құрылысты, агроөнеркәсіп кешенін, мұнай секторын және әлеуметтік салаларды дамыту жұмыстары жалғасатынын хабарлады. Баяндамасында соңғы жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Боржақты- Ерсай» теміржолының құрылысы аяқталғанын, Құрық портында паром кешенінің құрылысы жүргізілгенін, «Ақтау-Бейнеу-Атырау», «Шетпе-Бейнеу» бағытындағы жолды жаңғырту және Ақтау халықаралық теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту жұмыстары жасалғанын хабарлады. Сондай-ақ «Шетпе- Жетібай- Ақтау» бағытындағы жолды жаңғырту, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын жаңа өндірістермен толықтыру жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне зер салсақ, облыстың кәсіпкерлікті қолдау картасының шеңберінде өткен жылы 6 жоба жүзеге асып, 4-еуі пайдалануға берілген. Қалған 2 жобаның 1-кезеңдері іске қосылған.
–Жаңа 25 мыңнан аса жұмыс орыны құрылды.2016 жылдың 3-тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрап, оның ішінде жастар жұмыссыздығы 4,7 пайыздан 5 пайызға артты. Өңіріміздің ерекшелігін ескере отырып, өткен жылы 2017-2021 жылдарға арналған түйе шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын қабылдадық .Жоспарға сәйкес, түйе сүті және етінен дайын өнімдер шығару, жүнін өңдеу және тапсыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен субсидия бөлінеді. Жаңа жобаларды іске асыру арқылы халықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етеміз. Жылына әр жылда әр ауданда бір жол жөндеу жоспары бойынша жұмыстар жасалып келеді. Соңғы 2 жылда облыстың 11 ауылында жаңадан 70 шақырым ауылішілік жол салынды. Облыс бойынша биыл 13 ауылда жол құрылысы жүргізіледі, – деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Өткен жылы жеткен жетістіктер мен бағындырған биіктер кеңінен қамтылған баяндама тыңдалған соң, тұрғындар тарапынан ұсыныс- пікір айтуға, сұрақ қоюға кезек берілді. Есептік кездесуде алғашқы сауалды қойған Жаңаөзен қаласының тұрғыны Бақытжан Құсайынов мұнай өнеркәсібінің келешегі қандай болатынын, әлемдегі тұрақсыздықтың аталмыш секторға қалай әсер ететінін, осы салаға тәуелді болмай, басқа салаларды дамытуға қандай мүмкіндігіміз бар екенін сұрады.
–Мұнайдың бағасының құлдырауы өңірдегі өндіріс компанияларына әсерін тигізіп отыр. Қазір өндіріс орындарында тапсырыс қысқартылды. Мұнай мен газ саласында көрсеткіш төмен болғанымен, басқа салалар дамуда. Аймақта жергілікті өнім өндіру көлемі артты. Маңғыстау логистикалық- транзиттік хабқа айналып, ауылшаруашылығы алға басып келеді. Стратегиялық салаларды дамытуымыз керек. Сарапшылар мұнай бағасының бұрынғыдай болмайтынын айтты. Өңірдегі мұнай компанияларының жағдайы жақсы емес. Қазақстанда 80 млн.мұнай өндіретін болса, келешекте 150 миллионға жеткізуіміз керек. Болашақта мұнай-газ саласына озық үлгідегі технологиялар енгізілетін болса, адамдардың еңбек күшінің қажеттілігі азаяды. Заманауи құрылғыларды өндіріске енгізгенде жұмысшылар саны қысқарады. Сондықтан мұнайшыларды қайта даярлап, басқа салаға мамандандыруымыз қажет.
Ата-аналар балаларын мұнайшы емес, білім, денсаулық, құрылыс, мал дәрігері, ауылшаруашылығы мамандығына оқуға түсіруі керек, – деді облыс әкімі Алик Айдарбаев. Облыстық аурухананың консультативті- диагностикалық орталығының жетекшісі Файна Орынбасарова облыс орталығында жаңа емхана салу, қаладағы емханалардың жағдайын заман талабына сай етіп жаңғырту жұмыстары жүргізілу қажеттігін назарға берді. Бұл ұсынысқа жауап берген аймақ басшысы Алик Серікұлы Ақтауда биыл ана мен баланы қорғау орталығының құрылысын аяқтау және перинаталдық орталықты емхана етіп қайта жаңғырту, жаңа шағынаудандарда емхана салу жоспарланғанын жеткізді.Мұнай-газ саласының маманы Ерболат Жүсіпов өткен жылы жиі туындаған сұйытылған газ тапшылығы мәселесі қайталанбас үшін қандай шаралар қолға алынғанын сұрады.
– Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу зауыты» облыс халқына жеткілікті деңгейде газ өндіреді. Қыс мезгілінде қуаттылығы азаяды. Дегенмен эауыт өз жоспарын орындап келеді. Өңірімізде газ бағасы арзан болғандықтан, кәсіпкерлер өзге өңірлерге сатып отыр. Кәсіпкерлерге шектеу қоя алмаймыз. Газ бағасы облыста – 35 теңге, тек Бейнеуде ғана –45 теңге. Атырау, Ақтөбе облыстарында – 70,80 теңге. Газ бағасы барлық өңірлерде бірдей болу керек. Қажеттілік көлемі артса, кәсіпкерлер басқа өңірлерден де алып келуі керек, – деді аймақ басшысы Алик Серікұлы.
Бейнекөрсетілім арқылы сауал жолдаған Мұнайлы ауданының тұрғыны № 105,13,103 және Батыр, Қызылтөбе-2 ауылдарынан қалаға қатынайтын қоғамдық көліктердің жүру уақытын жиілету жөнінде мәселе көтерді. Аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев бұл мәселені шешу, автобустар санын көбейту, жүру уақытын жиілету жұмыстарымен айналысып жатқанын жеткізді. Облыс әкімі Алик Айдарбаев аудан әкімі Нұрлан Тәжібаевқа, Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмовқа жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерге талапты күшейтуді, тарифті субсидияландыру жолдарын қарастыруды тапсырды.
Ақтау қаласының тұрғыны Байқадам Нұғманов облыс орталығының халқы өсіп келе жатқандықтан алдағы уақытта ауызсу мәселесін болдырмау мақсатында қандай жұмыстар жасалып жатқанын сұрады.
– Облыс бойынша тіршілік нәрінің 40 пайызы Еділден келсе, 40 пайызы МАЭК арқылы тұшытылады, 20 пайызы жер асты суын тұтынып отырмыз. Тәулігіне 4,5 текше метр су тұщытатын «Каспий су тұщыту» зауытының қуаттылығын арттыруға жұмыстанып жатырмыз. Облыста 3 су тұщыту зауытын салуымыз керек. Біріншіден, Жаңаөзен мен Ақтау қалаларына қауіпсіздік мақсатында су құбырын тартуымыз қажет. Жаңаөзеннен Жетібайға дейін су құбыры жүргізілген. Сондай-ақ Ақтау мен Құрық ортасында да су құбыры бар.Ақтауда, Құрықта, Бозашыдағы мұнай компанияларының қасына су тұщыту зауытын салуымыз керек, – деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Ақтау қаласының 33 шағынауданының тұрғындары бұл шағынауданға тек №5 бағыттағы маршрут қатынайтынын айтып, қосымша қоғамдық көліктер жүргізуді ұсынып, тұрғын үйлерге газ қашан берілетінін сұрады. Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов айтылған мәселелер жуырда оң шешімін табатынын жеткізді. Облыс әкімінің жыл бойы жасаған жұмысына оң баға берген Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны балық шаруашылығын дамыту жөнінде жасаған жобасына қолдау көрсетуді сұрады. Бұл бастаманы қолдайтынын жеткізген облыс әкімі Алик Серікұлы аппарат басшысы Сайын Шапағатов ауылының тұрғынын қабылдайтынын айтты. Үкіметтік емес ұйымдардағы мамандардың біліктілігін арттыруды қолдаған облыс әкіміне алғысын білдірген «Рай» қоғамдық ұйымының өкілі қала, аудандарда әлеуметтік тапсырыс беру жұмыстарын жүйелі жүргізу жөнінде ұсыныс берді. Облыс әкімі Алик Айдарбаев әлеуметтік тапсырысқа аудандарда 10 млн.теңге, Ақтау қаласында 50 млн.теңге бөлінетінін және бұл қаржы аз екенін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың мамандары менеджментті меңгергеннен кейін жұмыс сапасы артуы қажеттігін ескертті.
–Жақында Алматы қаласында өткен қысқы универсиадаға Маңғыстау облысынан спортшы қатыспады. Ауа- райымыз бұл спорт түрлеріне қолайсыз. Өңірімізде қысқы спорт түрлеріне арналған спорт қалашығын салуға бола ма? – деді бейнекөрсетілім арқылы сауал қойған Ақтау қаласының тұрғыны Абылай Фазылбек.
Инвесторлар облыс орталығында мұз алаңы кешенін салуға тілек білдіргенін айтқан аймақ басшысы Алик Серікұлы бұл жоба іске асатынын хабарлады.
Сағат таңертеңгі 10.00-ден жұмысын бастаған сall- орталықта облыс, қала, ауданнан жиналған мамандар облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Екі сағаттан астам уақыттың ішінде аталмыш орталыққа жұмыспен қамту, су, газ, қала құрылысына қатысты 52 сұрақ түскен.
Форт- Шевченко қаласының тұрғыны Қуаныш Жеткізгенов Ақкетік шағынауданындағы кейбір жаңа үйлерге газ тарту мәселесін көтерді. Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов бұл жұмысты бастауға биыл қаржы бөлінгенін, қалған қаражатқа сессияда ұсыныс берілетінін айтты. «Қазақ газ өңдеу зауытында» 39 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Ақтау қаласының тұрғыны Гүлжан Атантаева қызының оқу ақысын төлей алмай жүргенін айтып, көмек сұрады. Облыс әкімі Алик Айдарбаев бұл мәселе бойынша аппарат басшысы қабылдайтынын хабарлады. Аймақ басшысының қызметіне қанағаттанарлық баға берген ардагер мұнайшы Өрен Сағындықов Ақтау немесе Жаңаөзендегі оқу орындарына, өзге де нысандар мен кешендерге өткен жылы өмірден өткен елімізге белгілі мұнайшы Нұрлыхан Бекбосыновтың есімін беруді ұсынды. Облыс әкімі Алик Айдарбаев бұл ұсыныс ескерілетінін, тәртіп, ережеге сай іске асатынын жеткізді.
Үшемді дүниеге әкелген Шетпе ауылының тұрғыны Дина Зұлқарнаева осы жылы жазда 1 жасқа толатын балаларының тұсауын кесіп беруді өтінді. Облыс әкімі бұл ұсынысты қабылдайтынын хабарлады. Ш.Есенов атындағы КМТИУ-дің ұстазы Сәтжан Айсаев ел арасында қызу қоғамдық пікір туғызған ұжымдағы келеңсіздіктің оң шешімін табуына ықпал етуді сұрады.
–Бұл мәселеден еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев хабардар. Жуырда комиссия жіберетінін, істің мән-жайы толық қаралатынын жеткізді. Сол кезде жиын өткізіп, бір шешімге келеміз деген сенімдемін, – деді аймақ басшысы Алик Серікұлы.
Бейнекөрсетілім арқылы Бейнеу гимназиясының 6-сынып оқушысы Данагүл Сайынова «ЭКСПО – 2017» көрмесіне барып, ғалымдардың ашқан жаңалығын көруді армандайтынын жеткізді. Облыс әкімі Алик Айдарбаев көрменің жоғары деңгейде өтуіне маңғыстаулықтардың белсене атсалысуы тиістігін, көрмеге қатысушылардың тізімі жасақталатынын жеткізді. Есеп беру жиынында сөз сөйлеген облыс тұрғындары елге игілік әкелген ілкімді істерге ризашылығын білдіріп, әкімнің есебіне қанағаттанарлық баға берді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="19322,19323,19327,19328,19329"]