©
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында облыс әкімі Алик Айдарбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында аймақ басшысы Маңғыстау облысы бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырудың аралық қорытындыларынан хабардар етті.
Бес институтционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі құжат өркениеттің биік белестеріне бет алған өлкеміздің келешекке қадамын нықтай түсті. Облыс әкімі Алик Айдарбаевтың баяндамасында болашаққа бағдар берген Ұлт жоспары аясында атқарылған толымды тірліктер мен өрелі істер өрнектелді. -«Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» реформасы аясындағы іс-шаралар «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңға сәйкес жүргізілуде. Мемлекеттік қызметке бірінші рет орналасқан азаматтар еңбек жолын төменгі лауазымдардан бастайды. Демек, жас маман барлық лауазымдық сатының әр баспалдағынан өтеді. Әкімдіктер мен барлық деңгейдегі басқармалардағы әріптестеріміздің кәсіби және жеке біліктілігін арттыру мақсатында «Мемлекеттік қызметтегі менеджмент» магистрлік білім беру бағдарламасын іске қостық. 2015 жылы 37 адам біліктілігін жетілдірсе, ағымдағы жылы облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 100-ге жуық әріптесіміз кәсіби білім алуда. Жаңа ережелер мемлекеттік қызметшінің кәсіби қасиеттерінен бөлек, моральдық-этикалық нормаларын сақтауды және жақсартуды талап етеді. Бірыңғай порталға орналастырылған мемлекеттік сатып алуға мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі. Мониторинг нәтижесінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған қаражатты қайта қарау бойынша нақты шаралар қабылданды,-деді облыс әкімі Алик Серікұлы. Аймақ басшысы Маңғыстау облысындағы соттар үшсатылы әділсот жүйесіне көшу және жаңа біліктілік талаптарына сәйкес сот лауазымдарына үміткерлерді қарастыру бойынша барлық қажетті даярлық шаралары жүргізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, аудио және бейнежазба құралдарын пайдаланумен қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарастыру 100 пайыз қамтылған. Облыста инвестициялық даулар бойынша жеке сот өндірісінің құрылуы бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай туғызып, даулы мәселелер туындаған жағдайда инвесторлардың қазақстандық әділсот жүйесіне деген сенімін арттырады. Өңірімізде жыл басында іске кіріскен жергілікті полиция қызметінде 1020 адам жұмыс жасайды. Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында жеке құрамды техникалық құралдармен, көлікпен қамтамасыз ету мәселелері қолға алынған. Құқық қорғау саласының қызметкерлеріне деген халықтың сенімін арттыру және олардың кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында 200 қызметкер кешенді оқытудан өтті. «Индустрияландыру және экономикалық өсім шеңберінде өлкемізде шетелдік инвесторлардың қатысуымен мұнай-газ құрал-жабдықтарын дайындайтын өндірістік база, Құрық селосында кеме жөндейтін зауыт құрылысының жобалары жүзеге асырылуда. Қазақстаның оңтүстік-батыстағы хабына айналған облысымызда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Құрық паром кешені мен «Шетпе-Бейнеу» және «Шетпе-Жетібай-Ақтау» автокөлік жолының құрылысы сынды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Мультимодельді транспорттық дәліз құру бағытында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында транспорттық- логистикалық орталық салу жоспарланып отыр. Индустрияландырудың екінші бесжылдығында ағымдағы жылы 73 млрд.теңгені құрайтын және 1,5 мың жұмыс орны құрылатын 10 жоба жүзеге асады» деген облыс әкімі Алик Серікұлы өлкемізде қаржы және мүлікті заңдастыру жұмысы қарқын алғанын жеткізді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша облыс тұрғындарынан 14 млрд.теңгені құрайтын тұрғын үй мен қаржыны заңдастыруға 635 арыз келіп түскен. Аймақ басшысы Алик Айдарбаевтың баяндамасында ұтымдылыққа негізделген Ұлт жоспарындағы «Біртектілік пен бірлік» бөліміндегі өзекті мәселелер қамтылды. Оның айтуынша, «Мәңгілік ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел-үлкен отбасы» кең көлемді жобасын және 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы дайындалу үстінде. «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші реформаның да өңір үшін маңызы зор. Аудандар мен қалалардың әкімдері үшін өңірлік экономиканың өсімін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту, халықтың өмір сүру ұзақтығы мен қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша негізгі көрсеткіштер мен критерийлер анықталды. Барлық көрсеткіштерге жету үшін Маңғыстау облысы әкімдігі 2016 жылға арналған меморандум жасады. Жаңа форматты есепке ала отырып, Маңғыстау облысы дамуының 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңға сәйкес облыс әкімі аппаратының жанынан ішкі аудит қызметі және барлық деңгейдегі мемлекеттік басқаруда азаматтық қоғамдастық пен мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің қатарынан құрылған қоғамдық кеңес жұмысын бастады. Кеңестер жанынан әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша екі жұмыс комиссиясы құрылды. Бұл – атқарушы билік органдарының ашықтығы мен қоғам алдында есеп беруі жолындағы үлкен қадам» деген аймақ басшысы сөз соңында дамудың даңғыл жолына бастайтын Ұлт жоспарын жүйелі жүзеге асыру баршаға ортақ міндет екенін жеткізді. Қол жеткен табыстар қорытылып, болашақтың жоспарлары бағамдалған баяндама аяқталған соң, баспасөз мәслихатына қатысқан республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері сұрақтар қойды.
«Хабар агенттігі» АҚ тілшісі Талғат Әділ облыста жетімдерді баспанамен қамту мәселесі қалай шешіліп жатқандығын сұрады. Облыс әкімі Алик Айдарбаевтың келтірген мәліметіне сүйенсек, соңғы 10 жыл ішінде 278 жетім балаға баспана бөлінген. Тұрғын үй кезегінде тұрған 138 жетім баланың 70-і биыл баспанамен қамтылады. Демек, алдағы 2-3 жыл ішінде жетімдерді баспанамен қамту мәселесі толықтай шешілмек. Облыстық «Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалының тілшісі Жұмазия Оразай аймағымызда жиі орын алатын газ тапшылығы мәселесінің қашан оң шешімі табатыны туралы сұрақ қойды.
- Қазіргі таңда аймағымызда 178 мың көлік болса, соның 115 мыңы сұйтылыған газбен жүреді. Табиғи отынды тұтыну көлемі айына 16 тоннаны құрап отыр. «Қазақ газ өңдеу зауытының» қауқары айына 13 мың тонна ғана газ өңдеуге жетеді. Біздің облысымыздағы газ бағасы республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда ең арзаны болып отыр. Күрмеуі қиын мәселеге айналған газ тапшылығын шешуді жан-жақты қарастырып отырмыз. Газдың көтерме бағасын өсіруге немесе осы отынды көрші облыстардан тасымалдауға тура келеді, - деді облыс әкімі Алик Серікұлы.
Баспасөз мәслихаты барысында «24 кz» телеарнасының тілшісі Тамара Степанова облыстың транспорттық-логистикалық әлеуеті туралы, «Қазақ радиосының» облыстағы меншікті тілшісі Айман Нұрмағанбет Жаңаөзен, Мұнайлы аудандарын судан тазарту жұмыстары, «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі Динара Нұрғалиева Маңғыстау экономикалық кеңесінің қызметі жөнінде қойған сауалдарына облыс әкімі тұшымды жауап берді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ