©
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы баршамызға тарихқа жаңа көзқараста терең оймен қарауға бағыт берді. Мақаладағы «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деген сөздерді оқығанымда сонау алпысыншы-жетпісінші жылдарда Маңғыстауда өмір сүрген аталарымыздың атты ер қанаты деп бағалап, жансерігіне балайтын іс-әрекеттері көз алдымда көлбеңдеп, алты қырдың астында қалған балалық шағыма сағынышымды үдетті. Иә, бала кезімізде ауылымызда әр үйдің есігінің алдынан ат кетпейтін. Аталарымыз тұлпар баптап, ат жаратуы өз алдына, күнделікті көп жұмысты жылқылардың күшімен атқаратын. Айталық, кірпіш дайындау үшін балшықтың тізгінін 4-5 жастағы ұлдар ұстаған ат тұяғымен бастыратын. Бұл сөзіме бүгінгі жастар сенбейді. Сенбесе сенбесін, өзім ең алғаш 4-5 жасымда балшық басуға жегілген аттың тізгінін ұстаған балалардың бірімін. Сонда аталарымыздың түпкі ойы ат тізгінін ұстайтын кісі таппағаннан емес, артымда қалатын ұрпағымның атқа көзі ерте үйреніп, тақымы ерте қатайсын дегенге саяды екен. Ол жылдар халқымыздың дәстүрінің қаймағы бұзылмаған заман еді ғой. Сол салтымыз бойынша мен туғанда маған құлын еншілеп, бір жасқа толғанымда «әшемай» жасады. Әшемай дегеніміз – еншіге аталған тайға ер-тоқым салып, бір жасқа толған ұлды отырғызу. Қазір ойлап отырсам, техника дамыған заманда әшемайға отырған ұлдардың соңғы буыны өткен ғасырдың алпысыншы жылдары туған біздер секілдіміз. Аталарымыз атты танып, таңдап ұстап, баптаған. «Адам ата мен Хауа ана бейіштен жерге жылқымен бірге түскен», - дейді ескі аңыз. Қазақтың ұлан ғайыр даланы иемденуінде де аттың орыны ерекше. Ендеше, біздің аттан қол үзуге хақымыз жоқ» деп отыратын олар. Ұрпағы сүйсінетін қасиеттері мол, ат таңдауға келгенде алдына жан түсе алмайтын кешегі шалдардың соңғы қатарының көзін көріп, тәрбиесін алдық қой. Анықтап айтсам,өз заманында Маңғыстаудың қара ойындағы Бозашының «Жиделі» деген жерінде менің атам Қылиша жылқы баққан. Иманды болғыр, жай жылқышы емес, атбегі, сейіс, жершіл, ауа райын болжайтын дегендей көкірегіне көп қасиет қонған кісі. Мен мақаламда атамның тек ғана бір қыры - ат сейістігі жайлы сөз қозғағым келіп отыр. Соғыстан соңғы жылдары еліміздегі атаулы мерекелерге орай 1 мамыр, 7 қараша күндері Маңғыстау ауданындағы колхоздар арасында ат жарыс өтеді. 1949 жылы көктемде колхоздың басқарма бастығы атамызға «Жарысқа ат қоссайшы» деп қолқа салады. «Жарайды» дейді талай тұлпарды баптап, аламан бәйгелерде оздырып жүрген атамыз. Сол күннен бастап өзі жүрегі мен бойына әбден тазалау рәсімдерін жасап, одан кейін ауылдың жігіттерін жинап, жылқы үйірлері ішінен 12 айғырды таңдап ұстатады. Оларға ер-тоқым салдырып, 15 шақырымға шаптырып, бірінші және соңғы келгенін ғана қолында қалдырады. «Ол кісінің хас тұлпардың тұқымы болған әкелі- бала қос айғырды тап басып таңдағанын көрген кезде жиылған көпшілік арасында таңдай қағып, таңданбаған жан қалмады», - деп айтып отыратын сол заманда атаммен қатар жүрген қарттар. Әкелі-бала қос тұлпарды үйірден жорттырып, терін алып, көктемедегі көкке байлап, күніне екі мезгіл арпа беріп, баптауға кіріседі. Көктем кезінде баптауға алынған ат көкке жайылса, терлегенде денесінен су аз бөлінеді, деп отырушы еді иманды болғыр атам. Ат баптаудың атам айтқан өзге де құпиялары көп,олардың бірсыпырасын сәл кейіндеу жазғалы отырмын. Сонымен қос тұлпарды ауылдан аулақ, көзден таса жерде 40 күн баптап бабына келтіреді. Келесі мәселе - шабандоз балаларды табу. Атамның қырағы көзі, сұңғыла көңілі Төлегеннің Қалашы мен Нақбергеннің Таңжан есімді екі балаға толып, олардың келісімін, мектеп директоры мен ата-аналарының рұқсатын алады. Балаларды ат әбзелдерімен мұқият таныстырып, оларға атқа міну, отыру тәртібін, жарыс кезінде қажет болатын айла тәсілдерді тәптіштеп үйретеді. «Ба- лаларым, мен тұлпарларды ауыл маңына алып келмей, таза жерде баптадым. Енді сендер аттарды бәйгеге қосқанға дейін көпшілік жиылған жерге жақындатпаңдар. Бабына келген тұлпар кінәмшіл. Адамның сөзін де, көңіл-күйін де түсінетін санаулы жануардың біреуі - ат. Атына ұнамсыз сөз айтылса, шаппай қалуы мүмкін», - деп атам айтқан тағы біраз құпия тапсырманы балалар қалтқысыз орындайды. Сонымен 1 мамыр күні Таушықта аламан бәйге болып, 30 шақырымға бас-аяғы 30 дай сәйгүлік жіберіледі. Сол бәйгеде жұлдыздай аққан қос тұлпар – Қарашағыр мен Торышағыр бірінші орынға қатар келеді. Тізгінін Төлегеннің Қалашы ұстаған «Қарашағыр» тұлпардың мойыны сызықтан бірінші өтіпті. Атам марқұм «Тұлпар мен бапкер секілді, шабандоз баланың да тазалығы бірінші орында тұрады. Бабы келіскен тұлпардың тізгінін жан-дүниесі кіршіксіз, бойы таза, ойы ұшқыр, қабілеті қарымды, көзі қырағы, біліктілігі терең шабандоз бала ұстаса ғана тегіндікте алдына ат салмайды» деп отырушы еді. Ол кісі шабандоз болуға өзінің осы ұстанымына жараған балаларды таңдады. «Тұлпар тізгінін ұстаған бала азамат болған күнінде ел тізгінін ұстауға жарайды. Мұндай балалардың рухы жоғары, намысы күшті болады», - дейтін. Айтқан сөздері өмірде айна-қатесіз, аумай, адаспай дәл келетін. Дәл келгені емес пе, осыдан жетпіс жыл бұрын «Қарашағыр» тұлпардың тізгінін ұстаған шабандоз бала Қалабай Төлегенов (Қалаш) биыл 81 жасқа толып отырған құрметті қария. Бакудегі энергетика иниститутын бітіріп келіп, облысымызда қарапайым энергетик болып еңбек жолын бастаған бұл ағамыз ұзақ жыл Маңғыстаудың энергетика саласын мінсіз басқарды. Жауапкершілігі шаш-етектен келетін үлкен саланы басқарып жүрген жылдарында қарапайым халықтың зілбатпан жүгін жеңілдетуге көп көмегін тигізді. Маңғыстау кеңшарына қарасты Ақшымырауға 1988-1989 жылдың қытымыр қысында түгел шығынын өзі мойынына алып, электр желісін жүргізген жақсылығын ауылдастары әлі ризашылықпен айтысады. Атына мін айтылмайды, айтылса, «Ауыл-елдің тізгіні Қалабайдай азаматтың қолында болса, халық жүдемейді» дейтіндей сөздер айтылды. Бұл мысалды келтірудегі мақсатым - аттың адам баласына берер пайдасы орасан зор екенін білген аталарымыздың ұрпағын атқа қызықтырып, тәрбиелеуінің астарында терең мағына бар екенін айту. Иә, Маңғыстауда Адай жылқысының атын шартарапқа жайған аталарымыздың сарқылмас өнегесі бар. Олар заманында тек ат баптайтын сейіс болумен шектелмеді, ұрпағының бойына тектіліктің, жан мен тән тазалығының, қайсарлық пен қайырымдылықтың, тоқ етерін айтқанда ұлылықтың ұрығын сеуіп кетті. Біз мақаламызда аталар өнегесінің титімдей бір бөлегіне ғана үңілдік. Тарих қойнауына зер салған сайын аталар өнегесі айқындала түседі.Оңаш ҚЫЛИШАЕВ