Қарақия аудандық сотына талап қоюшы ««West Oil Software» ЖШС-і жұмыскерлердің ереуілін заңсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгінген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қарақия аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мекеме жұмысшылары 2023 жылғы 11 желтоқсаннан бастап жұмысты толығымен тоқтатып, ереуілге шыққан.
Жұмыскерлер аталған мекеменің өндірістегі материалдық техникалық базасын жаңарту, мекеме жұмысшыларын «КазМунайГаз» ҰҚ АҚ қосу, еңбек ақы төлеудің бірыңғай жүйесінің тарифімен теңестіру талаптарын қойған.
Алайда, жұмыскерлермен «West Oil Software» ЖШС-нің атына ереуіл өткізілетіні туралы хабарланбаған, яғни ереуіл өткізу ұзақтығы және орындалатын қажетті жұмыстардың ең аз көлемі жөнінде ұсыныстар көрсетілмеген.
Сонымен қатар, «West Oil Software» ЖШС-нің Жетібай технологиялық көлік басқармасы уәкілетті органдардың тізбесіне сәйкес, қызметін тоқтата тұру ауыр және қауіпті салдармен байланысты қауіпті өндірістік обьектілер қатарына жатқызылған.
Сот шешімімен «West Oil Software» ЖШС-нің талап қоюы қанағаттандырылып, жұмыскерлердің ереуілі заңсыз деп танылды.
Сот шешімі жарияланғаннан кейін тараптарға түсіндірілді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.