Қолданыстағы мемлекеттік қызмет заңнамасында мемлекеттік қызметшілер үшін екі демалыс күнімен бес күндік жұмыс аптасы көзделіп, жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимі мемлекеттік органдарда еңбек тәртібі қағидаларында белгіленген.
Өз кезегінде, Заңмен мемлекеттік қызметшілерді шұғыл, алдын ала күтпеген жұмыстарды орындау үшін үстеме жұмысқа, демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға жол беріледі. Мұндай жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмыс мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтеледі.
Бұл ретте, жұмыскерлерді үстеме жұмысқа, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыстарға тарту тәртібі мен шарттары қолданыстағы Еңбек Кодексінің 77, 78, 85 және 86-баптарында айқындалғанын ескеру қажет.
Егер, мемлекеттік қызметшілерге жұмыс беруші тарапынан жұмыс уақытын заңсыз асырған жағдайда бастапқыда ескерту жасалып, бір жылдың ішінде қайталанатын болса лауазымды адамдарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 89-бабымен қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органымен айыппұл салу көзделгенін атап өткен жөн.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органы өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс жасауына мониторинг жүргізіп отырады. Осы орайда, жүргізілген мониторинг нәтижесінде, құқығы бұзылған 7 мемлекеттік қызметшіге 360 минут көлемінде қосымша демалыстар берілді.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органы мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бағытында әркезде қажетті шаралар қабылдап отыратындығын атап өтеміз.
Тоқтамыс Қадошұлы Жұмағұлов,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы