Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда «қара қылды қақ жаратын» әділ болулары қажет.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде, «осы Кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған»,-деп көрсетілген.
Ендеше, мемлекеттік қызметкер алдымен қоғамның, халықтың мемлекеттік органдарға, билікке деген сенімін арттыруға қызмет ету қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қағидатын ұстану керек.
Бұл жердегі мәселе, Кодекстің жаңа редакциясында толықтырылған мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттарын; адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлануды басты назарда ұстану.
Мемлекет Басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында былай деді: «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады».
Ендеше, Әдеп кодексіндегі мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттарының бірі адалдық, әділдік қағидаты мемлекеттік қызметшілердің басты ұстанымы болса керек.
Қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуда мемлекеттік қызметшілер ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану қағидатын басты құралы болуға тиіс. Қоғам мен билік арасын жақындату үшін мемлекеттік қызметшінің бойында сыпайылық пен клиентке бағдарлану, икемделу болу және барынша ашықтығы керек. Ашық, жайдары, сыпайы болып мемлекеттік қызмет алушыға адал қызмет көрсеткен жағдайда халық пен билік арасы жақындай түсе беретіні анық.
Мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі мен сыбайлас жемқорлықтың бетін қайтаруы бірін-бірі толықтыратын фактор болып табылады. Маңғыстау облысы жергілікті атқару органдарының Әдеп жөніндегі уәкілдердің негізгі міндеттері мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алатын құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдайлар туғызатын әрекеттерге жол бермеуге тиіс.
Мемлекеттік қызметші, егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анық ақпараты болса, мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнінде қажетті шаралар қолдануға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Яғни, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментіне жазбаша жүгінуге; Е-otinish порталы арқылы өтініш жіберуге (ЭЦҚ талап етіледі), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call- орталығына 1424 нөмірі бойынша телефонмен хабарлау керек.
Мемлекеттік органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша шаралар қолдануға, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштер жолдау арқылы шаралар қолдануға міндетті.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қарашадағы №396 Жарлығымен, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 6-тармағы 10) тармақшасына «қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну» мазмұнында толықтыру енгізілген.
Кодексте мемлекеттік қызметшілерге қарапайым болу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан сынға себепкер болмау талаптары қойылған.
Мемлекеттік қызметшілердің өздерінің жеке табысынан бірнеше есе артық ақшаны ойын мекемесіне жұмсауы қоғам тарапынан сын тудыратыны ықтимал.
Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адал ниетімен құзыретті және тиімді түрде орындайды деп есептегендіктен, сол сенімге лайық болуды өзімізден талап етейік.
Иса Есенәлі
Маңғыстау облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі