Жаңаөзенде 8-12 маусым аралығында Рахмет Өтесінов атындағы дене шынықтыру сауықтыру кешенінде бокстан спорт ардагері, жаттықтырушы Ақылбек Теміровты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спорттық жарысқа Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттері мен елдің барлық өңірінен 300-ге жуық спортшы қатысты. Олар бес күн бойы өзара мықтыны анықтауда сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, Әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов, Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Халықаралық спорт шебері Ерік Әлжанов, Олимпиада ойындарының қатысушысы, Қарулы күштер арасындағы Әлем чемпионы Берік Әбдрахманов, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділов, Маңғыстау облысы бокс федерациясының өкілдері мен Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев қатысты.
Жарыста 2010-2011 жылдары туған жастар 17 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды. Жарыс жеңімпазы атанған спортшыға арнайы белбеу тағылды.
Ауқымды турнирді ұйымдастыруға «Халық» қайырымдылық қоры мен «Бірлік» қоғамдық бірлестігі демеушілік көрсетті.
Айта кетейік, «Халық» қайырымдылық қоры бұған дейін Маңғыстау облысында спорт инфрақұрылымын дамытуға үлес қосқан. Сондай-ақ, осы қордың демеушілігімен 2025 жылға дейін Жаңаөзен қаласында үлкен спорттық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салыну жоспарланып отыр. Аталмыш қор есебінен салынатын кешенге 1 млрд теңге қаржы бөлінген.