Париждегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына аз уақыт қалды. Үш күннен соң төртжылдықтың басты додасы өз алауын жағады. Әзірге, ұйымдастырушылар алдағы ойындар жайлы жаңа әрі қызықты деректерді ұсынуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Olympic.kz-тің жазуынша, Олимпиада кезінде теннисшілер ойнайтын доп таныстырылды. Үлкен теннисте ел намысын бес спортшы қорғайды. «Ролан Гаррос» стадионында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик, Александр Шевченко және Александр Недовесов (Бубликпен жұптасып сынға түседі) өнер көрсетеді.
Әйгілі америкалық рэпер Снуп Догг олимпиада алауының эстафетасына қатысады. Ол 26 шілде күні алауды алып жүрмек. Сондай-ақ, ол Парижде америкалық NBC арнасының тілшісі болып жұмыс істемек.
Олимпиада ауылы ресми түрде ашылған соң, Франция президенті Эммануэль Макрон арнайы келді. Ол Олимпиаданың бүкіл ел үшін маңыздылығын алға тартып, ұйымдастырушылардың аянбай еңбек еткенін атап өтті. Сонымен қатар, еріктілер мен спортшыларға алғыс айтты.
Әзірге, Макронның Сена өзенінде жүзуіне қатысты ақпарат жоқ. Бұған дейін ол Париждегі бұл өзеннің қауіпсіз екенін дәлелдеу үшін, жүзіп шығатынын айтқан еді. Ал Париж мэрі Анна Идальго өз уәдесінде тұрып, он минут өзенде шомылды. Сена өзенінде триатлон, ашық суда жүзуден жарыстар өтеді.
Кейбір мәліметтер бойынша, ашылу салтанатында олимпиада алауын жеңіл атлетикадан үш дүркін Олимпиада чемпионы Мари-Жозе Перек мен даңқты футболшы Зинедин Зидан жағуы мүмкін.
Даңқты олимпиадашы, әлем рекордшысы Усейн Болт та Олимпиададан сырт қалмайды. Ол өзі кімге ерекше назар аударатынын да айтты.
«Менің назарыма түскен бір жігіт бар. Ол – америкалық Эррион Найтон. Ол енді жиырмаға толды. Бірақ өте мықты. Бәрі таланттың дамуына байланысты», - деді спринтер.
Олимпиада ойындарына сатылған билет саны да рекордық көрсеткішке жетті. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті хабарлады. Бүгінге дейін 8,8 миллион билет сатылып кеткен. Бұған дейінгі рекорд Атланта Олимпиадасына тиесілі болатын – 8,3 млн.
2024 жылғы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің басшысы Тони Эстангенің ашылу салтанаты туралы аз-кем ақпарат берді.
«Олимпиаданың ашылу салтанаты қаншалықты маңызды екенін білеміз. Сондықтан да, біз әу бастан құлшынысымыз мықты болды. Бұл ашылу салтанаты біздің Ойынымыздың бар құлшынысын көрсетіп, Франциядағы жақсы нәрселердің бәрін паш еткенін қалаймыз», - деді ол.
Спортшылар шеруі Сена өзенінде өтеді. Әрбір делегация өз қайығымен жүзіп өтеді. Бағыттың ұзақтығы алты шақырымды құрайды.
Париж Олимпиадасында 80 қазақстандық спортшы сынға түседі. Алғашқы бәсекелер 25 шілдеде басталмақ. Садақ атушылар дәл сол күні сынға түседі. Қазіргі таңда спортшылар Олимпиадалық ауылға жайғасты. Дзюдошылар Францияда жаттығу жүргізуде, олар жақын арада олимпиадалық ауылға қоныстанады.
Қазақстан құрамасының туын Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова ұстап шығады.