Белоруссия елі Брест қаласында жүзу спортынан өткен Халықаралық турнирде маңғыстаулық спортшы Әбдінұр Ақмұрат чемпион атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әбдінұр Ақмұрат 2010- 2011 ж.т. жасөспірімдер арасында өнер көрсетіп, 50 метрге брасс әдісімен 31.90 секунд көрсеткішпен үздік нәтиже көрсетіп 1-орын және 100 метрге брасс әдісінен 1:12,87 уақыт көрсеткішпен 2-орын жеңіп алды.
Сондай-ақ тағы бір маңғыстаулық спортшы Ақжол Текебай 6-орын иеленді.
Белоруссия елінде дәстүрлі түрде өтетін «Бресткий спринт» атты бұл Халықаралық турнирге 35 команда, 750-ге жуық спортшы қатысты.
Екі спортшы да Жаңаөзен қалалық №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары. Әбдінұр Ақмұрат қазіргі таңда ҚР ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді және жасөспірімдер арасында ҚР чемпионы.
Жаттықтырушылары Қуантай Жарылғапов және Арман Бишембаев.