Самбодан өткен Әлем чемпионатында 54 келі салмақта маңғыстаулық Гүлдана Әлмұхамбетова қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Самбодан 10-12 қараша күндері аралығында Армения астанасы Ереванда 48-ші әлем чемпионаты өтуде. Бәсеке барысында 62 мемлекеттен 300-ден астам спортшы 21 жүлде жиынтығына таласқа түспек.
Маңғыстаулық спортшы Гүлдана Әлмұхамбетова жарыс барысында Монғолия, Қырғызстан спортшыларынан басым түсіп, Ресейдің спортшысына есе жіберді. Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде былтырғы әлем чемпионы Беларусь спортшысы Алена Купаваны жеңіп, ІІІ орынға ие болды.
Гүлдана бұған дейін үш рет әлем чемпионатында қолаға ие болған, сондай-ақ Әлем чемпионы атағының иегері.
Бұдан бөлек маңғыстаулық спортшы тамызда Армения мемлекеті, Ереван қаласында өткен Армения ұлттық олимпиада комитетінің президенті Г.Царукян кубогында да қола жүлдеге ие болған. Биыл Беларустің Жлобин қаласында өткен ТМД елдерінің II ойындарында да қола медаль иегері атанды.
Айта кетейік, Халықаралық Самбо федерациясының Конгресінде 2024 жылғы самбо күресінен ересектер арасындағы Әлем чемпионаты Астана қаласында өтеді деп белгіленді.