Астанада өтіп жатқан дзюдодан ҚР біріншілігінде Маңғыстау облысының екі бірдей спортшысы алтын медаль алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
73 келі салмақта белдескен Асқар Нарқұлов пен 81 келіде бақ сынаған Мейірлан Максим қарсыластарынан басым түсті.
Айта кетейік көрермен көзайымына айналған 23 жастағы Асқар Нарқұлов бұған дейін Астанада өткен Grand Slam додасында қола жүлде алған еді. Ал ересектер қатарына таяуда ауысқан 20 жастағы Мейірлан Максимнің нәтижесін бапкері жоғары бағалап отыр.
- Асқар Нарқұлов бұған дейін ұлттық құрамада үшінші нөмірлі спортшы болған еді. Бүгін ол жетісулық дзюдошы Дархан Қойбағаровтан басым түсіп, чемпион болып отыр. Ал Мейірлан Максим осы уақытқа дейін жастар арасында бірінші нөмірлі балуан болған. Енді ересектер арасындағы ел чемпионатында мықтылығын дәлелдеп, өңір қоржынына алтын медаль қосып отыр. Жалпы боз кілемдегі белдесулер тартысты өтіп жатыр. Еліміздің әр өңірінің мықтылары жиналған дода нәтижесінде жаңа маусымға ұлттық құрама жасақталады, - деді Маңғыстау облысы бойынша дзюдодан ересектер құрамасының аға бапкері Пернехан Төлепов.
Ал маңғыстаулық Сұңғат Жұбатқан бұл бәсекеде 5-орынға жайғасты.
Республика біріншілігіне еліміздің түкпір-түкпірінен 450-дей дзюдошы қатысып жатыр. 12 қарашада басталған дода 15 қараша күні аяқталмақ. Ертең, 14 қараша күні әйелдер -78, +78 келі, ерлер -90, -100, +100 келі салмақ дәрежесінде белдеседі. Жарыстың соңғы күнінде өңірлер арасындағы командалық сайыс өтеді.