Талдықорғанда волейболдан 2009-2010 жылы туған жасөспірім қыздар арасындағы қысқы чемпионат басталды. Жарысқа Маңғыстау облысынан "Маңғыстау Арена" БЖСМ командасы қатысып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ел біріншілігіне 19 команда бақ сынап жатыр. Соның ішінде маңғыстаулық команда алғашқы ойынды Алматы қаласымен ойнап, 3:0 есебінде жеңді.
Екінші ойында жергілікті "Жетісу волейбол клубы" командасымен сынға түсіп, 3:1 есебімен жеңіліп қалды. Ал үшінші ойынды Жамбыл облысы командасымен ойнап, 3:2 есебімен жеңіске жеткен. Енді бүгін Павлодар облысы командасымен алаңға шығады.
- Талдықорғанға бірінші рет келіп тұрмын. Менің ойымша ондыққа, сегіздікке кіруге үлкен мүмкіндік бар. Өзімізді көрсетуге тырысып, облысымыздың үмітін ақтаймыз деген сенімдемін. Ойланып ойнайтын мықты қарсыластар түсіп жатыр. Олардың да дайындықтары жаман емес, - деді «Маңғыстау-Арена» клубының ойыншысы Айару Сатыбалды.
Жарыс 10 қаңтарға дейін жалғасады.