Бокстан 2019 жылғы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қатысушысы Бекзат Нұрдәулетов Венгрия ұлттық құрамасының ұсынысынан неліктен бас тартқанын атады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Bassport.kz жариялаған ақпаратта әлем чемпионына мажар елі ұсыныс жасағанымен белгілі боксшы өзіндік ұстанымына байланысты келіспеген.
"Бірнеше елден ұсыныс түскені рас. Бірақ бұл жайлы айтқым келмейді. Құдды мақтанып тұрғандай... Егер федерация Венгрия туралы айтса, ол жақтан ұсыныс түскені шын. Мен бас тарттым. Менің мақсатым - өз елімнің намысын қорғау", - деді Б.Нұрдәулетов.
Ол өз пікірінде кәсіби бокстан әуесқойлар сапына қайта келу себебін де айтып өткен.
"Кәсіби бокстан түбегейлі кеткенім жоқ. Кәсібилер арасында да алар асуым бар екеніне сенемін. Ал биылдан бастан әуесқойлар арасына қайта оралдым. Оның себебі - өз елімнің туын әлемдік жарыстарда көтергім келеді. Қазақстан Спартакиадасына және IBA санатындағы турнирге қатысып, бабыма еніп келемін", - деді әлем чемпионы.
Бұдан бөлек, ол Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейінгі жағдайдан қалай қалыпқа келгенін түсіндірді.
"Токио Олимпиадасы маған үлкен сабақ болды. Сол сәтсіздік біраз еңсемді түсірсе де, бапкерлерімнің, жақындарымның, психологтардың көмегімен, өзімді алып шықтым. Қайтадан күш жинап, кәсіби боксқа ауыстым. Енді, міне, әуесқойлар арасында бақ сынап жүрмін", - деді спортшы.