Бұл туралы Қоғамдық Коммуникация орталығында өткен брифингте «Қазақстандық Арнайы Олимпиада» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Гульнара Асемкулова айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша,«Қазақстанның Арнайы Олимпиадасы» атты қоғамдық бірлестігі 1990 жылдың 23 шілдесінде ашылып, сол уақыттан бері қызмет етіп келеді. Ұйымның негізгі мақсаты зияттық мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың дене бітімін жетілдіру, қоғаммен достық қарым-қатынастарды дамыту, олимпиадалық спорт түрлерінен жыл бойғы жаттығулар мен жарыстар ұйымдастыру.
- Қазіргі таңда аймағымызда 180-ге жуық ерекше балалар мен жасөспірімдер әртүрлі спорт түрімен айналысып келеді. Сондай-ақ, оларды облыстық, республикалық және халықаралық дәрежедегі ойындарға қатысуын қамтамасыз еткіміз келеді. Дене шынықтыру және спорт арқылы олардың әлеуметтік бейімделуіне және психологиялық қалпына келуіне қолдау көрсету —біздің басты мақсатымыз,- деді Гульнара Асемкулова.
Халықаралық Арнайы Олимпиадалық ойындар 4 жыл сайын өтеді. Бүгінде ол әлемнің 174 елінде спорттың 30 түрі бойынша дамыған. Осы тұрғыда, «Маңғыстау облыстық ерекше тұлғалардың дене шынықтыру және спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің директоры Маңдайлы Жарылғас өз пікірін білдірді.
- Балалармен негізгі жаттығу жұмыстарын арнайы мектептерде дене тәрбиесінің мұғалімдері жүргізіп келеді. Бірақ толыққанды дайындықтар өткізу үшін спортзалдардың жоқтығы қиындық тудырады.Осындай кедергілерге қарамастан, кезінде «Қазақстанның Арнайы Олимпиадасы» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау филиалының ұйымдастыруымен облысымыздың ерекше спортшылары көптеген облыстық, республикалық және халықаралық дәрежедегі ойындарға қатысып, жүлделі орындар иеленді. Атап айтсақ, 2011 жылдың 9-23 қыркүйегі аралығында Афины (Греция) қаласында өткен Бүкіләлемдік Жазғы Арнайы Олимпиалық ойындарға ұлдар командасы шағын футболдан қатысып, әлемнің 24 командасы арасынан 4-орынға тұрақтады,- деді Маңдайлы Жарылғас.
Әлеуметтік кәсіпкер Бибігүл Рамазанованың айтуынша, өңірімізде екі рет ерекше балаларға арналған республикалық турнир өткізілді. Алдағы 18-19 сәуірі күндері Ақтау қаласы 27-шағынауданда орналасқан «Маңғыстау облыстық мүгедектік спорт клубы» ғимаратында ерекше спортшылар арасында үстел теннисінен республикалық турнир өткізілгелі отыр.
Сондай-ақ, турнирде еліміздің 8 облысының (Алматы қаласы, Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы және Маңғыстау облысынан Ақтау, Жаңаөзен қалаларының, Мұнайлы ауданы) құрама командаларынан 73 ерекше спортшы бақ сынайды.