18 маусым күні Ақтауда алғаш рет спорттық гимнастикадан 2017-2011 жылы туған кіші жасөспірім ұлдар арасында ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жарысты Маңғыстау облыстық спорттық гимнастика федерациясы, Маңғыстау облыстық олимпиадалық резервін даярлау орталығы және Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бірігіп ұйымдастырды. Чемпионатқа еліміздің 4 облысы мен 3 қаласынан келген спорт төрешілері және 100-ге жуық спорттық гимнастшылар қатысады.
- Құрметті спорт сүйер қауым! Ақтауда алғаш рет өткізіліп отырған чемпионатқа қош келдіңіздер! Спорттық гимнастика өңірімізде 2018 жылы ашылса да, тарихы ерекше. Жас болса да бүгінде толағай табыстарға жетіп келеді. Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қай кезде де олимпиада ойындарында көп медаль алу мүмкіндігі бар спорт түрлерін қолдауға және дамытуға мүдделі. Сондықтан жарысқа келген барша спортшыларға сәттілік тілеп, жеңіс тұғырынан көріне берсін дегім келеді!, - деді Мақсат Мұқаш.
Спорттық гимнастика - олимпиадалық спорт түріне жатады. Бүгінде облыста осы спорт түрімен 300-ден астам балалар шұғылданады. Ал чемпионатқа өңірден 12 жасөспірім қатысып жатыр.
- Облысымызда спорттық гимнастика 6 жыл бұрын құрылса да, спортшыларымыз әртүрлі сайыстардан жүлделі орындарды иеленді. Спорттық гимнастика - өте қиын спорт түрі. Десе де қызығушылық жетерлік. Бүгінгі жарыс соның дәлелі. Чемпионатта барлығы 7 топ бақ сынасып жатыр. Жеңімпаздар республиканың құрама командасына кіретін болады, - деді өңірлік спорттық гимнастика президенті Жаңабай Тұрашев.
Дүбірлі додаға 10 жастағы маңғыстаулық Темірлан Рамазан да қатысып жатыр. Оның айтуынша, бұл спортқа 5 жасында анасы әкелген. Ол жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат тұтып келген.
- Бұл жарысқа төрт жыл дайындалдым. Чемпионатта жүлделі орындарды қанжығама байлаймын деген ойдамын. Осы спорт түрін ары қарай дамытып, әлем чемпионы болғым келеді, - деді Темірлан Рамазан.