Ресей мемлекетінің Рязань қаласында самбо күресінен халықаралық турнир өтті. 2000-2001 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен жарыстан облыстық «Жас батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті, 56 келі салмақта Дәурен Төлегенов топ жарып, қола медальға қол жеткізді. Қуанышты жаңалықпен белгілі бапкер Берік Жұмағалиев бөлісті.
- Жарыс 15-16 желтоқсан күндері Рязань қаласында өтті. Додаға 140 балуан қатысқан болатын, олардың арасынан шәкіртім Дәурен Төлегеновке бұйырғаны қола медаль болды. Жарыстан бөлек спортшыларымыз 2018 жылы өтетін халықаралық, республикалық турнирлерде топ жарып, жақсы жетістікке қол жеткізуі үшін Ресей құрама командасымен біріккен оқу-жаттығу жиынына қатысып, шеберліктерін шыңдады. Жалпы алғанда соңғы жылдары облыста самбо күресі қарқынды дамып келеді. Балуандарымыз Азия, Әлем чемпионаттарында топ жарып, аймақ абыройын асқақтатып жүр. 2016-2017 жылдар аралығында шәкірттеріміз Нұрбек Қуанышұлы, Нұркен Домбаев, Рамазан Мамаев, Айболат Мұратұлы, Руслан Сариев-Жазғы балалар ойындарында, Азия чемпионатында, Әлем кубогында, Әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсетіп, үмітімізді ақтап, мерейімізді өсірді. Мұның барлығы әрине, бапкерлер еңбегінің жемісі және облыстық әкімдік пен облыстық спорт басқармасының қолдауының нәтижесі деп білеміз, - дейді ҚР еңбек сіңірген бапкері Берік Жұмағалиев.
Венера МИРЛАН